Түркістан облысында әлі күнге дейін 81 елді мекенде жарық жоқ

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, демалыс күндері болған қатты боранның салдарынан 2 мың 700-ге жуық электр бағаналары құлап, 25 мыңнан астам абонент жарықсыз қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кентау қаласында да жылу қазандығы істен шығып, жергілікті халық екі тәулік бойы жылусыз қалды. Тек кеше кешкісін ғана қазандық қалпына келтіріліп, пәтерлерге жылу беріле бастады. Ал 81 елді мекенге жарық беру мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Мамандардың айтуынша, қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Айта кетейік, боран салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылып, ондағы электр бағаналары құлаған еді. Салдарынан көлік кептелісі болып, бірнеше жол-көлік оқиғалары болды. Бүгіннен бастап, жағдай реттеліп, қазір барлық бағыттағы жолдар ашық.

Иса Елеусізов, облыстық ТЖД бас маманы:

– Қазіргі таңда Кентау және Арыс қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Отырар аудандарында 31 ауылдық округте 25559 абонент жарықсыз отыр. Ол жерде 2692 жоғары кернеулі бағаналары құлаған. Қазіргі таңда осыны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.