СҚО-да коронавируспен күрес кезінде бірнеше азаматқа заңсыз үстемақы төленген

СҚО-да коронавируспен күрес кезінде бірнеше азаматқа заңсыз үстемақы төленген

Солтүстік Қазақстан облысында коронавируспен күрес кезінде бірнеше азаматқа заңсыз үстемақы төленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай олқылықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары анықтады. Жауапты орган облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде жоспардан тыс аудиторлық тексеріс жүргізген. Сөйтіп, соңғысында тек кабинетте отырып қызмет атқарған эпедемиологтар үш ай көлемінде қосымша қаражат алып келгені анықталды. Сондай-ақ дәрігерлер жеке қорғану құралдарын мемлекеттік сатып алу арқылы жоғары бағаға алдыртқан.

Дамир Хабибулин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

- Аудит барысында санитарлық-эпедемиологиялық бақылау департаментінің қаржы, мемлекеттік сатып алу және әкімшілік құқықтық бөлімдерінің қызметкерлері мамыр-шілде айларында үстемақы алып отырған. Жалпы мұндай қаражат тек індетке шалдыққандармен байланыста болғандарға ғана төленуі керек еді. Бүгінде бұл қаржы толықтай мемлекетке қайтарылды.