Алматыда сауда орталықтары мен базарларда екпе жасалмақ

Алматыда коронавирусқа қарсы екпе егу жұмыстарын жеделдету үшін базар мен сауда орталықтарын да қамту көзделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аршын Кемелжан, тілші:

- Адам көп жүретін орындарда арнайы кабинеттер жасақталады. Вирусқа қарсы екпе осы жерде салынуы тиіс.

Алматылық санитарлар жаңа жобаны қолға алды. Тұрғындар арасында коронавирусқа қарсы екпе алғандар санын көбейту үшін қосымша кабинеттер ашылмақ. «Олар қаладағы адам көп шоғырланатын сауда орталықтары мен базарларда болады», - дейді мамандар. Бірақ бастаманың қашан жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз.

Садуақас Байғабылов, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Бұл мәселе қазір зерттеліп жатыр. Сауда орындары мен базарлардың инженерлік желілері тексеріледі. Одан кейін үш бөлмеден тұратын екпе кабинеттері жасақталады. Яғни, адамды екпе алдында тексеру, екпе жасау, екпеден кейінгі бақылау кабинеті болуы керек. Оған қоса, вакцинаны сақтайтын мұздатқыштар да қарастырылады.

Вакцинаны емханада ғана қабылдап үйренген тұрғындардың көбі бұған қарсы. Өйткені аса жұқпалы аурудың алдын алатын екпе санитарлық тазалығы талапқа сай жерде жасалғаны жөн. «Әрі екпеден кейін дәрігердің бақылауы да маңызды», - дейді тұрғындар.

Блиц 1:

- Поликлиникада салынуы керек негізі. Себебі, таза орындарда салынуы тиіс уколдың барлығы.

Блиц 2:

- Мен де медицина саласында жұмыс істеймін. Сондықтан да айтарым, вакцинаны қоғамдық орындарда салған дұрыс емес. Өйткені вакцина алатын адам алдын ала тексеріліп, вакцинадан кейін де дәрігердің бақылауында болуы керек.

Блиц 3:

- Санитарлық тазалық болса, онда сала беруге болады. Ресейде салады ғой сауда орталығында, поликлиникада да сол сияқты ғой.

Қаланың санитар мамандары болса, базар мен сауда орталықтарындағы екпе кабинеттері барлық талапқа сай жасақталады деп отыр. Бүгінге дейін екпе жұмыстарының алғашқы үш кезеңінде 15695 адамға вакцина егілген.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев