Суэц каналына кеменің кептелуіне кінәлілер іздестіріліп жатыр

Өткен аптада әлем назары Суэц каналына ауды. Жүк таситын алып кеме таяз жерге тұрып қалып, жер бетіндегі ең маңызды сауда жолдарының бірін бөгеп тастады. Салдарынан әлемде жүк тасымалы қымбаттап, мұнай бағасы шарықтап шыға келді. Каналдағы қозғалыстың тоқтауынан сағат сайын жаһан экономикасы 400 миллион доллардан қағылды.

Енді осы шығынның орнын кім толтырады? Апатқа айыптыларды қандай жаза күтіп тұр? 

Кеше «Эвә Гивн» кемесі қайта жолға шықты. Артынша кезегін күтіп, кептелісте тұрып қалған жүздеген су көлігі де каналдан өте бастады.

Ендігі мәселе «келеңсіз жайтқа кім кінәлі» деген сұрақ. Египет билігі тергеу жұмысын да бастады. Әзірше Суэц каналындағы оқиғаға «Эвә Гивн» кемесінің капитаны жауапты деп отыр. Сол үшін су көлігінің иесінен өтемақы да талап етілмек. Өйткені төтенше жағдай кесірінен Араб Республикасы 100 миллион доллар шығынға батқан көрінеді.

Усама Раби, Суэц каналы дирекциясының төрағасы:

- Суэц каналындағы жағдайға кінәлі емеспіз. Біз зардап шеккен тараппыз. Ал кімнің жауапты екені тек тергеу барысында ғана анықталады.

Төтенше жағдайдың зардабы бір елге ғана тиген жоқ. Ол әлемдік саудаға кедергі келтіріп, миллиардтаған доллар шығынға батырды. Тауарды жеткізу тізбегін бұзды. Сөйтіп, Еуропа мен Азияға тауар тапшылығы қаупін төндірді.

Маркус Бейкер, теңіз арқылы жүк тасымалдау компаниясының басшысы:

- Бұл жағдай жаһандық деңгейде тауарды жеткізу тізбегінің қаншалықты әлсіз екенін көрсетті. Суэц каналы өте маңызды күре жол саналады. Ол әлемдегі екі негізгі арнаның бірі. Олардың жабылып қалуы дүниежүзілік саудаға айтарлықтай әсер етеді. Өйткені әлемдегі барлық тауардың 90 проценті теңіз арқылы жеткізіледі. Сол үшін өте маңызды. 

Бір ғана кемеден туған қиындық мұнымен аяқталса мейлі. Өйткені «Эвә Гивннің» қайранға қаңтарылуынан жүздеген кеме діттеген жеріне дер кезінде жете алмайтын болды. Дүние жүзінде саудаланатын тауардың 12 проценті дәл осы өткелмен өтеді. Сондықтан каналға жауапты компания да, Мысыр билігі де кемені қайраннан мейлінше тезірек шығару үшін барын салды.