429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тау баурайындағы коттедж қалашығын топырақ басып қалуы мүмкін

  • 109
  • UPD: 23:35, 14.04.2021

Алматыда тау етегінде орналасқан эЛИТАлық коттедж қалашығы топырақтың астында қалуы мүмкін. Cебебі «Сұңқар» халықаралық трамплин кешеніне жақын жерден тағы бір құрылыс жұмыстары басталды. Бұл спорт кешеніне де қауіп төндіреді. Мұнда сырғыма қаупінің жоғары екенін мамандар да растайды. Сондықтан аталған жағдайға алматылық белсенділер алаңдап отыр.

Трамплин кешені 2011 жылғы қысқы Азиада ойындарының қарсаңында пайдалануға берілген. Қазір карантин болғандықтан спорттық, мәдени іс-шаралар өтпейді. Бұл таудан Алматы алақандағыдай көрінеді. Сондықтан қала тұрғындары осы жерге келіп серуендеуді дәстүрге айналдырған. «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені орналасқан аймақта қазір үйлер көптеп салынып, ықшам ауданға айналды. Ол аз дегендей енді тура таудың етегі қазылып, тағы бір құрылыс жұмыстары басталып келеді. Мәселені байқаған алматылықтар дереу әлеуметтік желіге жариялайды.

Самат Дәуленқанов, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ қалалық филиал басшысы: 

- Қазіргі таңда ол жерде астынан қазылып котловандар қазылып, шұңқырлар қазылып, үй салынып жатыр дейді. Ол енді әрине дүмпу болған кезде ол жерде қанша дегенмен қауіп бар. Өйткені мына толассыз жауын жауса, «Сұңқар» тауының үстінде трамплинге ешқандай су жүретін каналдар ештеңе салынбаған. Тек ғана тас жол салынған. Ол тас жолдан судың кететін жері жоқ. Жаңағы жауыннан аққан судың барлығы тас жолмен ағып келіп айырылған сызықтардың ішіне құйылып жатыр. Қатты егер жауын жауса сырғып кету қаупі бар.

Мамандардың айтуынша, бұл қаладағы сырғыма қаупі жоғары аймақтардың бірі екен. Осындай қауіптің барына қарамастан құрылыс жұмыстарын бастап кеткен қандай компания, оларға құрылыс жүргізуге кім рұқсат бергенін қалалық әкімдіктен сұраған едік, мардымды жауап ала алмадық. Қазір  осы аймақты толықтай зерттеу үшін арнайы комиссия құрылыпты.

Гүлдана Нұрымбетова, қалалық ТЖД ресми өкілі:

- 2016 жылдан бастап аталған участке сырғыма қаупі бар қатарына жатады. Бұған арнайы сипаттамалармен, ұсыныстармен көзделген паспорт жасалған болатын. Қазіргі таңда 12 сәуір күні барлық мүдделі органдар әкімдіктің бірақатар басқармалары, Қазигидрогеология, институт географии, Каз НИССА, ҚазселденҚорғау және Төтенше жағдай департаменітінің мамандары бірлесіп, арнайы тереңдетілген зерттеулер жүргізілетін болады.

Зерттеу нәтижелері үш жылдан кейін ғана белгілі болады екен. Дәл қазір төніп тұрған қауіп жоқ. Алайда апат айтып келмейді. Табиғат тосын мінез танытып, толассыз жауын жауатын болса, таулардың  сырғып кетуі мүмкін екенін мамандар айтып отыр. Сондықтан сақтық шараларын қазірден бастап қолға алу керек.

Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев, Әбен Нарынбаев

Хабар 24 телеарнасы