Шымкенттік кәсіпкерлер 525 отбасына азық-түлік таратып берді

Қайырымдылықтың қайыры бар. Шымкенттік кәсіпкерлер қасиетті Рамазан айында 525 отбасына азық-түлік таратып берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала әкімінің бастамасы «Рамазан – қайырымдылдық айы» акциясын бірден қолдаған кәсіпкер Байкен Әшірбаев «Nur Otan» партиясының атынан көмек қолын созды.

Гүлсара Жоланова – үш баланың анасы. Жолдасы денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз. Қайырымдылық шарасы кезінде бұл отбасы қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілді. «Жұлдыз» тұрғын алабындағы тағы 80 үй дәл осындай көмек алды. Игі ісін сауаппен сабақтастырған ел ағасына дүйім жұрттың айтар алғысы бар.

Гүлсара Жоланова, қала тұрғыны:

- «Жақсы адамның жақсылығын айт, нұры тасысын!» дейді ғой. Осындай қиын-қыстау кезде шын мұқтаждарға көмектесіп жатыр. Берген азық-түліктерін үйлеріне жеткізіп береді. Олар күтпеген жағдайда тосынсый ретінде жеткізіп береді. Алғысымыз шексіз.

Шын мұқтаждың ауырын жеңілдетіп, жомарттық таныту – адамдық қасиеттің ұлысы. Өзіне берілген ризық-несібені өзгемен бөлісіп, қайырымдылық жасау ерлердің азаматтық міндеті. Бұл демеуші, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Байкен Әшірбаевтың сөзі. Ол бұған дейін де көпшілікке біраз көмек көрсетті. Игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады- деп отыр.

Байкен Әшірбаев, қалалық мәслихат депутаты:

- Мұрат Әйтенов қала әкімінің бастамасымен үлкен іс-шара жүріп жатыр екен. Соны қолдай отырып, осы елдің тумасы ретінде өзім халықпен бірге болғандықтан, халқымызға осындай іс-шара жасауды жөн көрдік. Алла қазақ еліне мықты қуат берсін. Мына індеттен аман-есен құтылып, жеңіп шығып, ауызбіршілігімізбен оразадан оразаға жете берейік.

Отанды сүю – иманнан. Игі шара өзгелерге өнеге, кейінгіге ізгі жол болмақ.