Қазақстандықтарға жекеменшікке жер беруге жарияланған мораторий мерзімі ұзартылды

Қазақстандықтарға ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беруге жарияланған мораторий мерзімі 5 жылға ұзартылды.

Бүгін жер комиссиясының мүшелері осындай шешім қабылдады. 

Бүгінгі жиында жерді Қазақстан азаматтарына жекеменшікке беру мәселесі тағы көтерілді. Комиссия мүшелері ортақ мәмілеге келе алмағандықтан, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәселені әлі де егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды. Сонымен қатар бұл жұмыстарға 5 жылдай уақыт керек екенін атап өтті.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Осы ұсыныс көпшіліктің көңілінен шықты, ашық дауысқа қойылды, бүгін комиссияға қатысып отырған азаматтардан, яғни 67 адамның барлығы ашық дауыс берді, басым дауыспен осындай шешім қабылданды. Енді тиісті деңгейде заңдарға өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар беріледі деген ойдамыз. Бүгінгі таңда қазақстандықтарға да жерді жекеменшікке беру мәселесіне тағы да 5 жылдық мораторий жариялау туралы комиссияда шешім қабылданды.

Мамандардың пікірінше, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін әлі де тыңғылықты зерттеу жүргізу қажет. Сол арқылы проблемаларды шешудің де жолы табылуға тиіс.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Бүгінгі күні талқыға салынып жатқан жекеменшік мәселесін сенім жоқ жерде шешу мүмкін емес. Дұрыс сауалнама жүргізейік. Бірінші жиында айттық. Әлеуметтік желі деген көрсеткіш емес. 25-30 мыңдық ауылдарға шығайық. Үлкен дүниелерге барайық. Үлкен зерттеулерді бәлкім халықаралық ұйымдар өткізсін. Солар сенімді болатын шығар. Менің ойымша, 5-7 жылдық мораторий керек. Сонда ғана қалған мәселе шешілгеннен кейін, қоғамның беті бері қарай бұрылғаннан кейін бұл мәселені Парламентте болсын, басқа жерде болсын, қажет болса ешқандай референдумнан қорықпай-ақ мәселеге шығаруға болатын сияқты.

Фермерлер одағы да осы пікірді қолдайтынын жеткізді. Оған әлі де дайындық керек дейді одақ басшысы Жигули Дайрабаев.

Жигули Дайрабаев, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті:

– Барлық азаматтың ойы бір жерден шықпайды ғой. Әр түрлі пікірлер туындады. Өздеріңіз көрдіңіздер, 5 жылға мораторий жарияланып, қалдырды. Бұған үлкен дайындық керек.

Комиссия отырысында осыған дейін қаралған мәселелер бойынша да дауыс берілді. Атап айтқанда, Қазақстан азаматтарына жалға берілген жер учаскелері бойынша кадастрлық ақпаратты көруге мүмкіндік беретін норма әзірлеу және Парламентке енгізу туралы ұсыныс қолдау тапты. Сондай-ақ елді мекендердің айналасындағы жайылымдарға қатысты құқықтық актілерді әзірлеу ұсынысы қабылданды.

Дариға Ташенова