Ақтаудың Каспий жағалауында вакциналау пункті жұмыс істейді

Ақтауда теңіз жағалауында серуендеп жүріп, екпе алуға болады.

Өткен сенбіде 15-шағын аудандағы жағажайға жылжымалы екпе егу пункті қойылды. Оған кез келген адам  барып, вакцина салдыра алады. Дәрігерлер алғашқы екі тәуліктің өзінде 130 адам екпе алғанын айтып отыр. Жылжымалы вакциналау кешені кешкі 5-тен түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істейді. Биыл ораза ұстаған адамдарға да тиімді. Алдағы уақытта медициналық көлік ауыл халқының денсаулығын тексеру және вакциналау үшін шалғай елді мекендерге де барады.

Бибігүл Рамазанова, қала тұрғыны:

- Достарымның осы вакцинаны алып жатқанын көріп, үнемі қозғалыста жүретін болғасын өзімді сақтандырайын деп алып жатырмын, шынымды айтсам. Амандық-саулық болу үшін сақтану керек. Жерлестерімді вакцина алуға шақырамын.

Қалима Қасекенова, терапевт-дәрігер:

- «Спутник V» вакцинасы салынып жатыр, І-кезеңі. Минус 18 градустан жоғары көтеруге болмайды. Егер 2 сағаттан көп тұрып қалса жылы жерде, онда пайдаға аспайды деуге болады. Сол үшін біз өзіміздің термоморозильниктерімізбен келіп отырмыз. Вакцина соның ішінде сақталып тұр.