Өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілді үйретудің бірыңғай платформасын жасаған

Елімізде мемлекеттік тілдің мәртбесін арттыруға атсалысып жүрген Ассамблея өкілдері жетерлік, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысында тұратын Владимир Чепель есімді жігіт өзге ұлысқа қазақ тілін үйретіп жүр. Ол әріптестерімен бірге әлеуметтік желі арқылы мемлекеттік тілді үйретудің бірыңғай платформасын жасаған. Сол арқылы қызығушылық танытқандарды тегін оқытады. Орыс ұлтының өкілі Ассамблеяның атынан түрлі жиындарға да қатысады. Белсенді жас 2019 жылы «Ұлы даланың ұлтаралық қатынас тілі» атты форумында қазақ тілінің тиімділігін айтқан еді. Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесінде де ел бірлігі туралы баяндама жасады.

Владимир Чепель, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі:

- Қаншама мемлекетте ондай жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясы. Олар бізден үлгі алып жатыр. Біз олармен жеткен жетістіктерімізбен бөлісіп жатырмыз. Бұл Елбасының болашаққа қараған және болашаққа қойған мақсаттарының бірі деп ойлаймын. Соның нәтижесінде біз шынымен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.