Елордада тұрғындар құрылысы аяқталмаған үйде тұрып жатыр

Елордадағы 23 қабатты үйде өрт шығып тұрғындардың үрейін ұшырды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал құтқарушы мамандар аулаға кіре алмай айнала жүгірген. Үйдің әр қабатында болуы керек өрт сөндіру құрылғылары да жоқ. 5 жыл бұрын пайдалануға берілгенмен, құрылысы толық аяқталмаған.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Иә, бұл елорданың төрінде сол жағалаудың қақ ортасында орналасқан үйдің ашынған тұрғындарының сәлемі. Олар баспаналы болғалы 5 жыл уақыт өткен. Осы бес жылда қақпаған есік қалмады деп налиды. Әкімдікке де сан рет сауал жолдап шаршадық дейді. Себеп...

Бағлан Ахметова тұрғын:

- Біздің тұрғындардың өтініп сұрайтыны, қоқыс жәшіктеріне арналған орын болса. Балалар ойнайтын ойын алаңын салып берсе. Құрылыс компаниясы үйдің ауласында аяқсыз қалған жұмыстарын бітірсе дейміз. Басқа тілеуіміз жоқ. Уақытында ақшасын төлеп баспана алдық. Міне, 5 жыл болды құр уәде беріп келеді. Тіпті сотқа да бердік, екі рет жеңіп те алдық. Бірақ өзгерген түк жоқ.

Гүлайым Антаева, тұрғын:

- Бұл негізі үйді қабылдаған кезінде сараптама болу керек. Технадзор болу керек. Экспертизаны лицензиясы бар жеке адам қабылдауы керек. Ол адамдар балалар ауласы болмайынша үйді қабылдамаулары керек еді.

Осы 5 жылда құрылыс компаниясы тұрғындармен соттасып, жеңілген. Яғни, осыдан тура бір жыл бұрын құрылыс компаниясына 3 айдың көлемінде балалар алаңын салып беруге үкім шыққан. Бірақ жыл өтсе де, қандай үкім шықса да, сотты да тұрғындарды да тиісті мекеме жауапсыз қалдырған. Ал бізге берген жауап былай...

Руслан Кенділбаев, «Шар-Құрылыс» ЖШС ӨТБ бастығының орынбасары:

- Қазір керек жабдықтар сатып алу жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Біз бұл жұмысты аяқсыз қалдырмаймыз. Осы айдың соңына дейін «Алтын шар» тұрғын үйінде балалар алаңы болады. Ал 20 мамырдан бастап ол үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Оған келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ал жыл соңына дейін паркингті пайдалануға береміз. Шотымыз бұғатталғандықтан барлық жұмысты уақытында жасай алмадық.

Жақында осы «Алтын шар» тұрғын үйінде 7-ші қабатта өрт шығып жауапты мамандар оқиға орнына жедел жеткенімен, аулаға кіруде қиындық болған. Себебі паркинг жабық болғандықтан, тұрғындар көліктерін көшеге қоюға мәжбүр. Салдарынан өрт сөндірушілер көптеген кедергіге тап болды. 23 қабаттан тұратын үйдің бірде біреуінде өрт сөндіру құралдары жоқ. Барлығы ұрланып кеткен. Апат бола қалса, тиісті мекемелер қалай жұмыс істейтіні белгісіз. Ал құрылыс компаниясы «мамыр айының соңына дейін аяқталмаған жұмыстарды бітіреміз» деп уәде берді.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Аят Дүйсембаев