Шымкентте соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден беріледі

Шымкентте Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 21 ардагердің әрқайсысына 1 млн теңгеден беріледі. Оларға көрсетілетін құрмет артпаса кеміген жоқ. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл мерекеге жоспарланған шараның бір сыпырасы ғана. 

Жеңіс сыйлаған аталарымыздың ерлігін ұлықтау өскелең ұрпақтың  борышы. Мереке қарсаңында сый-құрмет көргендердің қатарында Тілеуімбет Қожаназаров пен Мұраталы Төлепбергенұлы да бар. Бейбіт елдің бірлігіне қуанған қос қарияның жасы 100-ге таяса да денсаулығы әлі тың. Бүгінде ұл-қыздарынан тараған немере-шөберенің қызығын көріп, шүкір айтып отыр.

Тілеуімбет Қожаназаров, ҰОС ардагері:

- Еңбегімізді айтып, құрмет жасап жатыр. Біздің болашағымыз үшін жастардың істеп жатқан еңбегіне ризамын.

Мұраталы Төлепбергенұлы, ҰОС ардагері:

- 2014 жылы осы бөлмені берді. Бұған рақмет халқымызға, ел басқарып отырған Президентімізге. Бізді құрметтеп, сыйлап, пенсиямызды уақытылы беріп жатыр. Демаламыз десек жылына 1 рет демалысқа тегін жібереді.

Соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Денсаулығын тексертіп, әлеуметтік мәселелерін шешу шаралары әрдайым жүзеге асырылады. Тыл еңбеккерлерінің жағдайы да қоғам назарынан тыс қалған емес. Мақсатымыз батыр бабалардың ерлік ісін ұмытпай, құрмет көрсету арқылы жас ұрпаққа үлгі ету дейді.

Кенжехан Төлебаев, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

- Ардагерлерді, жалпы тыл ардагерлерін құрметтеу, ұлықтау, марапаттау бұл дәстүрлі іс-шараға айналған. Болса да ол кісілерге деген құрмет. Және өскелең жас ұрпақтқа үлкен тәрбиелік мәні бар мәселе деп түсінеміз.

Қазір Шымкентте 80 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың 21-і ҰОС ардагері, 3 мыңнан астамы еңбеккер және 1728-і ҰОС қатысушыларына теңестірілген ардагер.

Айта кету керек, Отан қорғаушылар күніне орай әлеуметтік көмек басқа да санаттағы азаматтарға беріледі. Оларға 36 АЕК мөлшерінде қаржылай төлем жүргізілді.