Құбыры бар, суы жоқ: Алматы облысындағы Басши ауылы 10 жылдан бері шөліркеп отыр

Ауылдықтар сапасыз су ішіп отыр. Кербұлақ ауданы Басши ауылына 10 жыл бұрын су құбыры тартылғанымен тұрғындар оның игілігін көре алмады. Өйткені су жиналатын резервуар тесіліп, ұңғыманың насостары істен шыққан. Ал жүргізілген құбыр жер астынан шығып жатқан суға жалғанған. Енді елді екен халқы таза судың орнына бау-бақшаға арналған суды тұтынып отыр.

- Қанат деген кісінің тайыншасы түсіп кетті мынаның ішіне. Мынау әзір бақа көлшік.

Ардақ Байтулақовтың «бақаның көлшігіне айналды» деп отырғаны кәдімгі резервуар. Оған су жиналып ауылға берілуі керек еді. Алайда аталған нысан салынғалы бері істемеді. Ауыл тұрғындары осылай деп мұңын шақты.

Ардақ Байтулақов, ауыл тұрғыны:

- Апатты жағдайда тұр мынау. Мынаған әзір су құйсаңыздар жан-жағынан жарып шығып кетеді. Көрсетуге болады. Бұны қолға алатын ешкім жоқ.

Сейітхан Ахметов, ауыл тұрғыны:

- Тесілген себебі мұны салып жатқанда құрылысшылар, цементті біреулер әкетіп жатты. Сеткасын әкетіп жатты. Сосын салып бітірдік деді. Бір күні айтып едік. Су толтырамыз деп су толтырды. Бірақ астынан тесіп шығып сыртқа ағып шығып кетті. Су қайда кетті десек, глубинный насос күйген жоқ не қолды болып кетті. Не осында бір жерде жатыр.

Насостың бірі мына ұңғыманың ішінде тұр. Бірақ онысы тартылған сымдарымен қоса су астында қалған. Электр тоғы трансформатордан ажыратылыпты. Әйтпесе жазатайым жағдай болуы да мүмкін. Сорғының істемеуіне байланысты ауылға жүргізілген су құбыры артезианға жалғанған.

Мұрат Құрбанқұлов, ауыл тұрғыны:

- Бізге жаңадан су қазып, ауылға жеке жіберуі керек болатын. Онысы ешқандай іске асқан жоқ. Миллиондаған, миллиардтаған қаржы қайда кетті. Міне осының нәтижесі мынау. Қазір халық осы суды ішіп отырмыз. Халықтың бәрі ренжулі. Бүйрегі ауырады бәрінің. Тарту үшін 20 мың теңгеден жинадық.

Тартылған құбыр артезиан суының болар-болмас қысымына шыдас бермей жатыр. Әрбір жерден жарылып, көшенің қақ ортасында шалшықтар пайда болған. Әрі ауылдың жоғарғы бөлігіндегі бірнеше үйге жетпейді. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қақаған суығында тіршілік нәрін тасып ішетіндер көбейеді.

Сәбит Сламияұлы, ауыл тұрғыны: 

- Біреу береді суды, біреу бермей қояды. Есіктің алдында арық бар. Таңғы алтыда мал шықпай алып аламын. Күндеріміз осы тәуелділікпен отырмыз. Жаңағы Қазақстанымыз дамыған елге кіріп жатыр дейді. Бірақ ауылдың жағдайы осындай.

Қабылбек Қожакеев, ауыл тұрғыны: 

- Бес ай бойы су болған жоқ. Октябрьдің басынан марттың жиырмасына дейінгі уақыт. Аздап ғана өлместің күні. Айына 400 теңге жан басына шаққанда. Суда фильтр жоқ, мысалы, бір ыдысқа су құйып қойсаң ыдыс та сабын сияқты кір болып тұрады. 

Ауылдағылар су сорғысы тұрақты түрде жұмыс істемеді дейді. Ал әкімдік қызметкерлері құрылғы мердігер мекеменің кепілдік мерзімі аяқталғанда бұзылды деп отыр. Тұрғындарды сусыз қалдырмас осындай қадамға барғанын айтты. Басшиліктердің басты проблемасын шешу үшін тағы бір жоба әзірленіп жатыр.

Нұрлан Әденов, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір проектный изыскательный работа жасап жатырмыз. Біріншіден түгел скважиналарды тазалау жұмыстары, су құбырын күрделі жөндеуден жөндеу. Проектный изыскательный жұмыс жасағаннан кейін, облысқа береміз. Жобалық сметалық құжаттарын дайындаймыз. Скл Бір жылда бұл жұмыс бітеді. 

Аудандағы 63 елді мекеннің 28-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған. Әкімдіктегілер алдағы екі жылда тоғыз ауылды таза сумен қамтуды жоспарлап отыр. Сөйтіп, өзекті мәселені кезең-кезеңмен шешпек. 

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов