«Азаматтарға арналған үкімет» ақпараттық жүйелерді толық жаңғыртуға кірісті

«Азаматтарға арналған үкімет» ақпараттық жүйелерді толық жаңғыртуға кірісті

Елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезектің көбеюі біраз былықтың бетін ашқан.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшылығы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері әбден ескіргенін жеткізді. Оған соңғы жылдары электронды қызмет түрлерінің еселеп артуы себеп. Жиі туындайтын ақаулар халыққа дұрыс қызмет көрсетуге кедергі келтіріп жатыр.

Әділ Кожихов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы:

- Ақпараттық жүйе жұмысындағы ақаулар мемлекеттік қызмет көрсетуге кедергі боп тұр. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында халықтың жиналып қалғаны рас. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері әбден ескірген. Көбі 10 жылдан бері қолданылып келеді. Түскен салмақты көтере алмай жатыр. Осы ретте мемлекеттік корпорация атынан халықтан кешірім сұраймын. 

Қолданыстағы жүйелер цифрландыруға толық көшпей жатып, жүктемеге шыдамай тұр. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа барынша жақын болудың қамын жасап келеді. Мысалы 1414 қызметіне жауапты операторлар саны артады. Қазір елордадағы халыққа қызмет көрсету орталықтары қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ал қызметті пайдаланушылардың пікірі сан алуан.

- Мен бейсенбі күні көлігімді сатқанда база істемей тұрды. 7 сағаттай күттік. Басқа облыстан келген сатып алушы біраз шығындалып қалды. Уақытында қайта алмай қонақ үй жалдауына тура келді ғой. Меніңше, жүйені жетілдіру керек.

- Мен үйден істеп келдім, например бәрін. Номерім де, переоформление транспорта, правам да бәрі бір уақытта келді. Қазір просто машинамды күтіп отыр. Келсін. Алам да кетемін. Бәрі электронный дайын. Ешқандай бронь, менеджердің алдына учеттан шығарып тұрмаймын. Базадан бәрі шығады.