«Қазақмыс» корпорациясы соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден үлестірді

Жеңіс мерекесі күні «Қазақмыс» корпорациясы соғыс ардагерлерін құттықтап, құрмет көрсетті.

Әрқайсының шаңырағына барып, 1 миллион теңгеден сыйлық үлестірді.

98 жастағы Тоғай Дауылбаев Сәтбаев қаласындағы көзі тірі жалғыз ардагер. Ақсақал небәрі 17 жасында майдан даласына аттанған. Алғашқы 8 ай дайындықтан өткен соң, 29-атқыштар дивизиясының құрамында пулеметшінің көмекшісі болады. От пен оқтың ортасында жүріп үш рет жарақат алған. 1943 жылы елге оралып, Жеңіс күнін осында қарсы алады.

Тоғай Дауылбаев, соғыс ардагері:

– 9 мамыр – Жеңіс күні құтты, берекелі болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бірлік, береке, ынтымақ болсын. Жақсылық келе берсін. Барлығы аман болсын.

Бұл күні «Қазақмыс» корпорациясы Тоғай ақсақал секілді 11 ардагерге құрмет көрсетіп, әрқайсына ақшалай сыйлық пен азық-түлік себетін тарту етті. Олардың барлығы – соғыстан кейінгі жылдары тау-кен саласында тер төккен еңбек майталмандары. Сондай-ақ компания жыл сайын 600-ге жуық тыл ардагеріне де барынша әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.

Төлеген Бүкіров, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге 1 миллион теңгеден сыйақы берді. Тыл ардагерлеріне 25 мың теңгеден берді. Сосын соғыс ардагерлеріне теңестірілгендерге де 1 миллион теңгеден берілді. Міне, бұл үлкен қолдау «Қазақмыс» корпорациясының есебінен. Бұл үрдіс жылда жалғасып келе жатыр бізде.

Тарихи деректерге үңілсек, 1941-1945 жылдары Қарағанды аймағынан 45 мың адам соғысқа аттанып, соның 18 мыңы майдан даласында шейіт болған екен. Сондықтан ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жаужүрек сарбаздарға қандай құрмет көрсетсе де лайықты дейді бүгінгі буын.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин