Жеңіс күнін Атырауда екі майдангер қарсы алды

Жеңіс күнін Атырауда бар болғаны екі майдангер қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның бірі – биыл 100 жасқа толатын Айдын Айбаров. Закария Сұлтановтың да жасы 96-дан асты. Сондай-ақ концлагерь тұтқынында болған Екатерина Абсатырова бар. Мерекеде ардагерлер назардан тыс қалмады. Әскери бөлімшенің үрмелі аспаптар оркестрі үй-үйді аралап, майдангерлерге арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.

Сол сұрапылға мұнайлы өңірден 70 мыңға жуық адам аттанып, оның 13 мыңнан астам майдан даласында қалды немесе хабарсыз кетті. Қазір арамызда қалғаны осы үш майдангер. Онан өзге жеңісті жақындатуға үлес қосқан 45 тыл еңбеккері мен 2000-ға жуық оларға теңестірілгендер бар. Бүгінде алды ғасыр жасап, соңы тоқсанды толтырып отырған аға буын өкілдері ендігі жерде елімізде тыныштық болып, ынтымақ арылмасын деп жас ұрпақа бата берді.

Закария Сұлтанов, соғыс ардагері:

- Осы азаматтар, сендер аман болыңдар. Дендерің сау болсын. Мына өсіп келе жатқан жастар өмірден қиыншылық көрмесін. Еліміз тыныш, халқымыз аман, құтты өмір сүруге Аллам нәсіп етісін. «Сыйласаңыз кәріңді, жарылқармын бәріңді»,- дейді ғой. Осы сыйлап келіп жатқандарың үшін Алла тағала бәріңді сыйласын.