Еліміздегі мектептер қаншалықты қауіпсіз?

Мектептегі қауіпсіздік мәселесі мықтап қолға алынуы керек.

Кешегі Қазан оқиғасынан сабақ алсақ игі. Шымкенттегі мектеп директорлары да алаңдаулы. Себебі айлығы шайлығынан артылмайтын күзетшілікке екінің бірі келе бермейді.

Жұлдыз елді мекеніндегі 1200 бала білім алатын білім ошағы бұл. Мектеп вахташысы басқа іспен айналысып жатқанда, біз екінші қабатқа дейін емін-еркін кіріп шықтық. Әйтеуір дене қызуымызды тексеруді қалаған медицина қызметкері кімге келгенімізді сұрады. Бұл бір мысал. Жалпы қала орталығындағы өзге мектептерде жағдай әр түрлі. Бірінде қақпадан әрі аса алмайсыз. Қара құлып қалқалайды. 

Қырағы бейнебақылау камералары Шымкенттегі барлық мектепке орнатылған. Тәртіп пен заңды әрекетті анықтау үшін түсірілім 1 ай көлемінде сақталады. Көрші елдегі кешегі қайғылы жағдайдан соң біздегі мектеп басшылары ата-аналарға ескерту жасап, балаларын тек өздері алып кетуін өтініпті.

Күләш  Мамадиярова, №5 жалпы орта білім беру мектебінің директоры:

- Өзімде чат құрып, ата-аналарға мәлімет беріп тұрамын. Кеше Қазан қаласындағы оқиғадан кейін ата-аналарға ұсыныспен шықтым. Бөтен адамды жібермеңіз, өздеріңіз келіп алып кетсеңіздер жақсы болар еді дедім.

Бала қауіпсіздігі қашан да маңызды. Ол үшін мемлекеттік 136 мектептегі бейнебақылау жүйелерін Ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосу қолға алынып жатыр. Мемлекеттік бюджеттен 546 млн теңгеге жуық қаржы қаралып, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі арқылы келісімдер жасасқан. Сондай-ақ 30 мектепте адамның келбетін танитын турникеттер орнатылыпты. Биыл олардың санын 115-ке жеткізу көзделген.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Шымкент қаласындағы мектептердің айналасы 100 пайызға қоршалған. Мектептердің басты мәселесі – психологтардың да жұмысы болып табылады. Ата-анамен жұмыс барысында. Олармен арнайы алгоритммен жұмыс жүргізіледі. Одан бөлек келеңсіз жағдайды алдын алу үшін, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етумен құзырлы орган қызметкерлерімен жаттығу жұмыстары жоспарланған.

Бала болашағы бұлыңғыр болмас үшін қолға алынған іс көп. Жүзеге асса аз уақытта өз тиімділігін көрсетеді дейді мамандар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов