Ақтау қаласын көгалдандыруға 890 млн теңге бөлінді

Ақтау қаласын көгалдандыруға биыл 890 млн теңге қаралған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын осындай  қомақты қаржы бөлінсе де, жасыл желектің күтімі келіскен емес. Мемлекет қаржысына тағы да жаңадан көшет егіледі.

Жаңа гүлзарларға 2 мыңдай раушан және 120 мың түп басқа да өсімдік түрі отырғызылды. Суару кестесі де жасалды. Енді жетіле бастаған жасыл желекке уақытында ылғал берілмеуінен қурап қалғанын тұрғындар жылда көріп жүр.

Блиц 1:

- Біз мына саябақта жүрдік, Шевченко саябағында. Суарылуы нашар болды. Аядық талдарды.

Блиц 2:

- Пускай поливають почаще. У нас в 8 мкр-не вообще все деревья поснасили. В прошлым году вроде проезжала как-то машина. А этом году я пока не видела.

Блиц:

- Өткен жылы да кеш құйылған сияқты. Биыл телеарнадан көрсетіп жатыр ғой, құйып бастады деп. Бірақ жалпы мен құйып жүргенін көрген жоқпын.

Былтыр Ақтауда жолдардың жиегіне 200 дана пластик бөшке қойылған еді. Алайда, көп ұзамай алынып тасталды. Су резервуарлары келер жылы қолданылады деп еді. Сол күйі ұмыт қалды. Көп ұзамай қаланың бұрынғы әкімі сөгіс алып, қызметтен кетті. Шаһардың жаңа басшысы жағдайды өз бақылауында ұстап отырған көрінеді. Жауапты мамандарға ескі құбырларды ауыстыруға тапсырма берілген.

Ернар Төлесінов, ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Ағымдағы жылы қала аумағында су құбырлары жұмыс жасайтын болады. 20 километрі жұмыс жасауда. Қалған 25 километрі осы жылдың аяғына дейін жасалатын болады. Жасамай тұрған жерлер су тасымалдаушы көліктер арқылы суарылатын болады. Көгалдандыру жұмыстарымен жеке кәсіпкерлер айналысқан болатын. Осы жылдан бастап коммуналдық мекеме айналысатын болады.

Ақтау аумағында 67 мыңнан астам тал өсіп тұр. Жаз айлары оларды сақтап қалу үшін тәулігіне екі мезгіл суаруға шешім қабылданды. Тіршілік нәрі таңғы және кешкі салқында құйылады. Осы мақсатқа 35 су тасушы көлік жұмылдырылады. Тағы бір мәселе – жасыл желек күтімімен айналастын жұмысшы тапшы.

Базар Қуанышбеков, коммуналдық мекеменің цех бастығы:

- Штатқа сәйкес бізде 150 жұмысшы болуы керек. Қазір бары – 91. Маусым айының соңына дейін жұмысқа адам қабылдаймыз. Кей азаматтар азғана күн жасап кетіп қалады. Күрек ұстап, қол жұмысын атқарғысы келмейді. Атқарған қызметіне қарай 70-80 мың теңге айлық жалақы береміз.

Қала саябағы мен көшелерде гүлзар-тал суарудан бөлек қураған өсімдіктерді жоюға да басымдық беріліп отыр. Әкімдік 1 аптадан соң мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап, мердігер мекемені анықтайды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев