Павлодар облысында Кеңес дәуіріндегі ескерткіштер шоғырланған аллея бар

Павлодар облысының Ақсу қаласында Кеңес дәуіріндегі ескерткіштер шоғырланған аллея бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Партия көшбасшыларының бюстері мен ескерткіштері бір саябақта орналасқан. Ескерткіштер тарихи құндылығын жоғалтқанмен, өңірдің өткенінен сыр шертеді. Сондықтан қиратылмай, бүгінге дейін сақталған.

Саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған Шолпан Жұманова әр ескерткіштің тарихын жақсы біледі. Олардың бәрі кезінде қаланың көрікті жерлерінде орналасқан. Мәселен «Жұмысшы және колхозшы» мүсіні Ермак металды конструкция зауытының аумағында тұрған.

Гүлжанар Ақшолақова, Ақсу тарихи-өлкетану музейінің жетекшісі:

- Ол зауыт қазір жұмыс істемейді. Ескерткішті 20 жыл бұрын аллея құрылғанда осында әкелініп қойды. Осы аллеяда, көріп тұрсыздар, ескерткіш бар, ол – трактор. Трактор тың игерудің 30 жылдығына орай Пограничник ауылында орнатылған. Барлық ескерткшітерді ауыл-аймақтан жинап, осында әкелінген себебі, бірінші, тарихты өшіре алмаймыз. Ұмытпаймыз, тарих.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1918 жылы партиялық қызметші Степан Царёв бұрынғы Ақсу, Ермак жеріне кеңес билігін орнатуға келген. Бірақ оның жолы болмады. Революционер ақ гвардияшылардың қолынан қаза тапты. Бүгінде Царев көз жұмған орында белгі орнатылған. Кезінде Ақсудың орталығында менмұндалап тұрған Ленин ескерткіші де осында.

Аға буын өкілдері өткен тарихты жақсы біледі. Ал жастар қауымы бейхабар.

Блиц 1:

- Есімізде қалды ғой. Керек деп ойлаймын. Әдемі бәрі.

Блиц 2:

- Кеңес дәуірінің ескерткіштері ғой. Тұра берсе, зияны жоқ деп ойлаймын. Бұзуғы болмайды.

Бүгінде ашық аспан астындағы музейде 20-ға жуық ескеркіш жиналған. Тұрғындар «аллеяны күтіп ұстау керек», дейді. Себебі, әр белгі өнер туындысымен пара-пар.

Авторлары: Ербол Әбішев, Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат