426,64 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматының орталығындағы аллеялардың біріне 50 түп үйеңкі егілді

  • 184
  • UPD: 23:42, 17.05.2021

Бұл науқан қала әкімдігі мен қоғам белсенділерінің жасыл қала бағдарламасы бойынша қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ағаш егуге Алмалы аудандық әкімдігі ұйытқы болса, «Диал-Строй» компаниясы 5 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Компания алдағы екі жылда көшеттерді күтіп-баптайтын болды. Қаланың бас санитарлық дәрігері қол қойған қаулыға сәйкес ағаштарды арнайы мамандандырылған компания екті.

Бұл үйеңкілер Еуропадан әкелінген. Мамандардың айтуынша, ағаштың бұл түрі жергілікті топыраққа тез бейімделіп, өсіп кетеді. Жаздың ыстық күндері ағаштың жаны жанға сая болса, күзде сарғайған жапырақтары әсемдігімен көзді баурайды. Қаланы көгалдандыру ісіне атсалысу – игілікті іс. Бұл орайда аталған компанияның алдағы уақытта атқаратын ауқымды жоспарлары көп көрінеді.

Бақыт Рымжанов, «Диал-Строй» компаниялар тобы ЖШС бас директорының орынбасары:

– Қала әкімдігінің бастамасын қолдаймыз. Өзіміз де көшелерді көркейтуге атсалысамыз. Мысалы, жыл соңына дейін біздің компания Мәуленов пен Досмұхамедов көшелеріне жөндеу, көркейту мен абаттандыру жұмыстарын жүргізбек. Жалпы аумағы 1 кварталдағы жұмыс көлеміне 300 млн теңге инвестициялық қаржы жұмсалады.

Компанияның бастамасы «Жасыл қала үшін» акциясына ұласты. Бірақ оған тек мамандандырылған компаниялар қатысады. Себебі Алматының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің талабы сондай. Бұл карантинге байланысты. Жасыл желектер қаланың сәнін келтірумен қатар, экологиясының жақсаруына да оң ықпал етеді.

Бекнұр Қисықов, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Президент ұсынысы бар, миллиондап тал егуіміз керек. Әлбетте қаламызды қайтадан жасыл етуге мүмкіншілік бар. Біз ағашты да сыйлауымыз керек. «Алма қала» деген қозғалыстың мүшесі боламын. Сол қозғалыстың арқасында талды қайтарып жатырмыз.

Біздің мақсатымыз – қалада өсетін барлық ағаш пен талдарды, бұталар мен бұта тектес өсімдіктердің санын сақтап қалу. Және мұны барлығымыз бірігіп жасауымыз керек. Өйткені Алматы барлығымыздың ортақ үйіміз дейді ұйымдастырушылар.

Алмас Садуақас, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы