Қостанай облысында қолөнерді табыс көзіне айналдырған отбасы тұрады

Қостанай облысында қолөнерді табыс көзіне айналдырған отбасы тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үрпек ауылындағы шеберлер әулеті ұлттық киімдер тігіп, ағаштан асүйге қажетті аспаптар мен ат әбзелдерін жасайды. Олардың бұйымдарына ауылдастары тәнті. Тапсырыс берушілер де жетіп, артылады.

75-ті еңсерген Ханымша әже ине мен жіпті жастайынан серік еткен. Қолы күні бойы тігін машинасынан босамайды. Он саусағынан шыққан көрпе, қыздарға арналған ұлттық киімдер көпшіліктің сұранысына ие.

Ханымша Мұқышева, Үрпек ауылының тұрғыны:

Балаларыма, қыздарыма қолдан тігіп беремін. Дүкеннен алғызбаймын. Музыкант қызым тойға Қостанайға барамын деген. Келіндері біз жалға 35 мыңға көйлек алдық деп хабарласып жатыр. Бір күн кигені үшін 35 мың теңге төлейді. Мен айтамын: Әй, таста! Дүкенге бар да жылтырақ мата әкел, тігіп бердім. Сонда маған 15-20 мыңға сат деп айтады. Бар болғаны үш-ақ мыңға түсті. 

Ханымша әже институт бітіре салысымен ауылда автоцистерна тізгіндеді. Отыз жылдай агроном боп еңбек етті. Ал тігіншілікпен тек бос уақытында айналысатын. Қазір оны табыс көзіне айналдырып отыр. 

Ханымша Мұқышева, Үрпек ауылының тұрғыны:

– Екі метр қыжымнан екі көрпе шығарамын. Екі көрпең 5 мың теңгеден 10 мың теңге болады. Ал менің екі метр матаға жұмсайтын ақшам мың-ақ теңге. Пайдасы шаш етектен. Он жыл бұрын кейінірек тууым керек еді. Нағыз бизнес. Ал біз қазір керек уақытында үйде ғана істейміз.

Оюлар мен түс таңдауда ұлымен кеңеседі. Жоғары оқу орнын бітірген Абайғали туған жерге оралып, қазір ауыл шаруашылығына ден қойған. Ағаштан түйін түйгенді қатты ұнатады. Тұрмыстық заттар мен астаудың түр-түрін жасайды.  

Абайғали Нұрманбетов, Үрпек ауылының тұрғыны:

Оюы бар сыртында. Барлығын істеу үшін бұған 10-15 күндей кететін шығар. Ағаш табақ істеуге көп уақыт жұмсаған жоқпын. Бір апта кетті. Балтамен шауып шығарамын. Оюларына ғана уақыт көп кетеді.  

Шеберлер отбасында дүниеге келген Нұрсұлтан да әке аманатын арқалап келеді. Бабалар мұрасын ұмыттырмай, ат әбзелдерін жасайтын шебер өз қолынан шыққан бұйымдарын саудалайды. 

Нұрсұлтан Шәкіров, Үрпек ауылының тұрғыны:

Кейде малға айырбастаймын. Оны өткізіп ақшасына материал аламын. Материал болғанда қайың, не қарағай әдемі болады. Мұның іші ағаш. Сосын сыртын былғарымен қаптаймын. Былғарыны сырттан әкелемін. Тараздан тапсырыспен аламын. Ол жақта келілеп сатады. Бір келісі 3 мың теңгеден. Мен бір алғанда 20 кг аламын.

Ал отағасы Шәкір ата «Бақшасыз аулада қандай береке болсын» дейді. Екі жыл бұрын ауылға орталықтандырылған су тартылғанда есік ауласындағы бос жерлерге көкөніс, жеміс-жидектер егіп тастаған.   

Шәкір Нұрманбетов, Үрпек ауылының тұрғыны:

– Мына жерде құлпынай, шие, алмұрт ағашы, анау жерде шие ағашы бар. Анау жақта қарақат, таңқурай өседі.

Отбасылық кәсіп одан ары өркендей түспек. Тұрғындардың ендігі арманы – несие алып, шеберхана ашу. Шәкірттер даярлап, жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров