Өскемен тұрғындары биліктен жылу мәселесін шешіп беруді сұрайды

Өскеменде білдей бір көшенің тұрғындары биліктен жылу мәселесін шешіп беруді сұрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олардың баспаналарын түзету мекемесінің аумағында орналасқан қазандық жылытады. Бірақ құбырлар ескірген, оның үстіне иесіз. Егер тезірек шара қолданбаса, тұрғындар қыстың көзі қырауда жылусыз қалуы мүмкін.

Өскемендік Болат Сембаев Малдыбаев көшесінде тұрады. Зейнеткер 15 жыл Ішкі істер органдарында яғни түзеу мекемесінде жұмыс істеген. Сол кезде жақын маңнан баспана алған. Тоқырау жылдары жылу қазандығы колония аумағында қалып қойған. Ал жылу жүйесі қараусыз қалған.

Болат Сембаев, қала тұрғыны:

- Проблема 2007 жылдан басталды. Содан міне, жыл сайын жазамыз, жазамыз. Оның бәрі әлі шешілмей жатыр. Оның бәрін біледі. Мына қаланың әкімі біледі, облыста әкімі біледі. Біздің жылу трассасы сол болғанына 30 жыл болды. Асып кетті де одан, 30 жылдан.

Құбырлардың жағдайы көзге көрініп тұр. Халық қыста апат жиі болатындығын айтады.

Бүгінде бұл құбырлар әбден тозып, шіріп жатыр. Салдарынан ыстық су жоқ. Жұмыстарды тез арада ретке келтірмесе, халық қыста жылудан да қағылады. Қазір бұл қазандық «Еңбек-Өскемен» мемлекеттік кәсіпорнының балансында. Бірақ ондағылар «құбырлар үшін біз жауапты емеспіз» деп отыр.

Мұратбек Әбитаев, «Еңбек-Өскемен» РМК №17 учаске басшысы:

- Жылу мен ыстық суды біз уақытында беріп тұрамыз. Бірақ беріп отырған ыстық сумен жылуымыз өтіп жатқан құбырларға біз қызмет етпейміз. Біздің баланста жоқ ол. Біз бізге ыңғайсыз болғандықтан, біз әкімдікке хат жазғанбыз, сол әкімдіктің балансына сол тұрғындарды ауыстыруға.

Тұрғындардың да сұрап отырған осы. Тіпті екі жыл бұрын қала әкімінің есептік кездесуінде бұл мәселе көтіріліп, оң шешімін тапқан. Алайда жобалық-сметалық құжаттар әлі дайын емес.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:

- Бірінші себеп енді бюрократиялық сұрақтар. Жанағы кейбір құжаттардың жинауына байланысты. Сондықтан байқаулар болды. Сол себепті біраз уақыт созылып қалды. Бірақ осы шілде айында бітеді бәрі. Сондықтан ары қарай уже жұмысқа кірісеміз.

Шаһарда қазіргі күні 36 үйді орталықтандырылған жылуға қосу қажет. Оған шамамен жарты миллиард теңгеден астам қаражат қажет.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов