Түркістан облысында дәрігерлер шалғай ауылдарды аралап жүр

Жетісайлық дәрігерлер шалғай елді-мекендерді аралап, қабылдау жүргізіп жатыр.

Жылжымалы диагностикалық медициналық кешен толық жабдықталған. Ультрадыбыстық зерттеу аппараты, рентген мен зертхана тіпті дәріхана да бар. Яғни ауыл тұрғындарына сол жерде диагноз қойып, емін жасайды. Он үш білікті дәрігер бір жыл бойы шалғай ауылдарды түгел аралап шықпақ. Бұрын басы ауырып, балтыры сыздаған елді мекен тұрғындары ем іздеп, облыс орталығына сабылатын.

 Әлкен Серікбаев, Абай ауылының тұрғыны:

– Қан қысымым көтеріліп, бүйрекке суық тиген болса керек, УЗИ-ға түстім. Көп нәрсе бар екен бұл жерде көрінетін. Біз шалғай жатқан ауыл болғаннан кейін келу өте бізге қолайлы. Аудан орталығына бару бізге қиын еді.

Рәтбек Мәмиев, Жылжымалы медициналық кешеннің меңгерушісі:

– Біз шалғай орналасқан 21 елді-мекенді араладық. Жалпы 18 мыңнан астам қызмет түрін жергілікті тұрғындарға көрсетіп отырдық. Облыстық басшылықпен бекітілген арнайы кесте бойынша біз жыл он екі ай бойына өзімізге қарасты 42 шалғайда орналасқан елді мекенді 1 жылда аралап шығамыз.