Петропавлда 3 жасар қызын өлтірген әйелге қатысты сот басталды

Петропавлда небәрі 3 жастағы туған қызын ұрып өлтірді деген күдікпен анасы сотталып жатыр. Бүгін 22 жастағы әйелге қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Естеріңізге салайық, осы жылдың басында ауруханаға ес-түссіз түскен бүлдіршін көп ұзамай көз жұмған еді.

Бұл жағдай жалпақ жұрттың жағасын ұстатты. Қаңтар айында Петропавлда бір айдай жансақтау бөлімінде жатқан 3 жасар қыз бала есін жимастан жан тапсырды. Бүгін анасы сотта сөйледі.

- Вину признаете?

– Да...

Тергеу мәліметтеріне қарағанда 22 жастағы Екатерина Голешова туған қызына қатыгездікпен қарап, қит етсе жұдырық жұмсаған көрінеді. Тіпті қыстың суығында далаға жазғы аяқ киіммен шығарған.

Юлия Сысоева, мемлекеттік айыптаушы:

- Күдікті қызын аяғынан ұстап, басынан, ішінен ұрған. Қатты соққыдан құлаған Захарова ыстық батарейді ұстаймын деп қол саусақтарын күйдіріп алған.

Сот отырысында белгілі болғандай, күдікті сәбиін туа сала бөбектер үйіне тапсырған. Кішкентай қызды оның келісімімен туысы Виталий мен Татьяна Захаровтар отбасы қолына алады. Кейін бүлдіршін сал ауруына шалдығып, анасы мүлдем безіп кеткен.

Виталий Захаров, жәбірленуші:

- Жаңа жылдың алдында қызымызды ресми түрде асырап аламыз ба деп құжаттар жинай бастадық. Туған анасы бас тарту хатын жазып беруі тиіс еді. Бірақ ол айтқанынан айнып қалды

Сотта жәбірленуші жақ: «қыз енді қайтпайды» деп анасын қатты жазаламауды сұрады. Оған бірден 3 бап бойынша айып тағылған. 

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев