Алматы карантиндік ережелерді бұзу фактісі бойынша көш бастап тұр

Қалада жарты жылдың ішінде карантиндік шектеу мен санитарлық талапты сақтамағаны үшін 320 миллион теңге айыппұл салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкімшілік айыппұлдың тең жартысы тұрғындарға толтырылған. Карантиндік талапты қадағалаушы мониторингтік топтың жұмысы мен жиі бұзылатын талаптар қандай?

Аршын Кемелжанұлы, тілші:

- Алматының мониторингтік тобы тәулік бойы жұмыс істейді. Олар қоғамдық тамақтану орындары, сауда, ойын-сауық орталықтар, демалыс аймақтарын тексереді. Түнгі клубтар мен басқа да қызмет көрсетуші нысандардың жұмысын қадағалайды. Басты мақсат карантин талаптарының орындалуын бақылау.

Негізгі заң бұзушылықтардың бірі – мейрамханаға келушілер санының шектен асып кетуі. Қалада бір аптада карантин ережелерін бұзған 64 нысан әкімшілік жауапқа тартылған. Айыппұл көлемі 3,6 миллион теңге. Ал 37 тұрғынға жалпы сомасы 1 миллион теңге айыппұл салыныпты.

Нұркен Бекботаев, мониторингтік топтың өкілі:

- Қазіргі күнде мынау «Ашық» қосымшасы арқылы сол бойынша мына адамдарды кіргізу және оны орнату бойынша кейбір нысандар, тамақтану орындары ол қосымшаны жүктеп үлгермеген әлі. Жүктеп үлгермегендерге біз түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Санитарлық талаптарды сақтау керек, «Ашық» қосымшасын жүктеу бойынша және ол бойынша адамдарды кіргізу, сонымен қатар адамдарды белгілі шектелген орын бар, сол орындарға отырғызу бойынша ең басты осыған назар аударылады.

Жалпы жыл басынан бері 26 мыңнан аса нысан тексеріліпті. Оның ішінде карантиндік талапты ескермеген 427 кәсіпкерге 150 миллион теңге айыппұл жазылған. «Алайда, ережені қарапайым қала тұрғындары жиі бұзады», - дейді мамандар. Олар қоғамдық орындарда маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек екенін ескермейді. Нәтижесінде 5 мың азамат жауапкершілікке тартылып 179 миллион теңге айыппұл салынған.

Сәдуақас Байғабылов, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Карантиндік талапты жиі әрі қайталап бұзатын кәсіпкерлер де бар. Мысалы, қаңтар айынан бері ережені мүлдем ескермеген 78 заң бұзушы анықталды. Оның 38-і жұмысын тоқтатты. Қалғандарына қатысты істі сот тергеп жатыр. Оларға салынатын айыппұл көлемі 230 АЕК-ті құрайды. Қазір қалада 2 мыңан аса нысан «Ашық» қосымшасын пайдаланады. Оның 121-і уақытша аталған қосымшадан алынып тасталды.

Жалпы Алматы қаласында 40 мониторингтік топ жұмыс істейді. Карантин ережелерін бұзу көбіне апта соңына қарай келеді. Жұма, сенбі және жексенбі күндері кейбір кафе мен мейрамханаларда және түнгі клубтарда адам толып жүреді. Бірнеше күн «жасыл» аймақта болған Алматы қайтадан «сары» аймаққа өтті. Сондықтан сақтық шараларын бір сәтке де естен шығармаған жөн.

Авторлары: Аршын Кемелжанұлы, Әбен Нарынбаев, Валентин Лобанов