Алматыда «Қайырымды іс марафоны» атты табиғатты қорғау шарасы басталды

Алматыда «Қайырымды іс марафоны» атты табиғатты қорғау шарасы басталды

Алматылық еріктілер «Қайырымды іс марафоны» атты табиғатты қорғау шарасын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аршын Кемелжан, тілші:

- Алматы – Қапшағай тас жолынан басталған игі іс алдағы уақытта өңірдегі өзге де табиғаты көрікті жерлерде жалғасады.

Экологиялық шараға тек еріктілер ғана емес танымал блогерлер де қатысты. Жастар тобы Алматы – Қапшағай тас жолы бойы мен су қоймасы жағалауының жартастарын бұзақылардың жазған бейәдеп сөздерінен тазартты.

Батырхан Еркін, тиктокер:

- Мұндай қайырымдылық шарасына атсалысу барлығымыздың міндетіміз. Қазір жартастардағы жазуларды арнайы химиялық сұйықтық арқылы өшіріп жатырмыз. Мұнда тасты шимайлау бұзақылықтың белгісі. Табиғатқа зиын келтіруге болмайды.

Азат Халимов, блогер:

- Адамдар мұндай жазуларды жазғанда өзгеге теріс тәрбие беретінін түсінбейді. Ең бастысы осылай естелік қалдырғысы келеді. Көпшілігі бала кездегі қателігі үшін есейгенде ұялады. Мысалы, Қапшағай су қоймасының табиғаты тамаша, жағалауы туристерге толы. Осы табиғатты сақтап қалуымыз керек.

Экологиялық шараға мұрындық болған Бағдат Ақбиеваның айтуынша, Алматыдан Қапшағайға барар жолдың жиегіндегі және жартастардағы жазу мәдениетімізге сын. Табиғатқа деген құрметтің жоқтығын көрсетеді. Сондықтан бұзақылар жазалануы керек.

Бағдат Ақбиева, еріктілер жетекшісі:

- Менің бастамама өзге еріктілер бірден қолдау көрсетті. Осы топтың басты мақсаты – табиғаты көркем жерлерді әдемі қалпына келтіру. Көрініс әдемі болса, туристердің де қызығушылығы арта түседі. Осы табиғатты бағалап, сақтай алсақ, отандық туризм жақсы дамиды.

Жартастағы жазуларды өшіріп, қалыпқа келтіруге ниет білдіргендердің басым бөлігі жастар. Олар замандастарының айналаны аялап баққанын қалайды. Сонда ғана табиғаттағы сұлулыққа зиян келмейді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев