Елордада газдандыру жүйесінен тыс қалған тұрғындар наразы болып жатыр

фото: azattyq-ruhy.kz

Жұрт жоспарда болғанын, кейін белгісіз себеппен көгілдір отынмен қамтылатындар тізімінен сызылып қалғанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін 150 адамның талап-арызын арқалаған белсенді топ жауапты мекеме өкілдерімен кездесті.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Жуырда ғана елорда әкімі Алтай Көлгінов биыл 143 мың тұрғынның газға қосылатынын мәлімдеген еді. Ал орталықтағы Оңтүстік-шығыс ауданында орналасқан 150 үйдің иесі бұл тізімге ене ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Олардың айтуынша, о баста ауданның бұл бөлігі  газдандыру жүйесінде болған көрінеді.

Гуля Қарсыбекова, қала тұрғыны:

- Газға қосамыз деп жауаптылар уәде берген. Бұрынғы Қараөткел қазақ ауылы, қазіргі Оңтүстік-шығыс ауданының оң жағы көгілдір отынмен түгел қамтылады деп айтылған. Бірақ оны ешкім орындайын деп жатқан жоқ. Ал әкімдік өкілдері «сіздер орталық жылу жүйесіне қосылуларыңыз тиіс» дейді. Бірақ оған да қосыла алмай отырмыз.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Жамал Қалиева – Оңтүстік-шығыс ауданында 23 жылдан бері тұрады. Оның айтуынша, осынша уақыт бойы қыста көмір жағып келеді. «Ал орталық жылу жүйесіне қосылуға қалтамыз көтермейді», дейді.

Жамал Қалиева қала тұрғыны:

- Орталық жылуға қосылудың құны, мердігерлер келеді 5-6 миллион, 7-8 миллион, біреуі 10-15 миллион дейді. 10-15 миллион деген екі бөлмелі пәтер емес пе. Осы ауданда тұрып, пеш жағып жатырмыз. Астананың дәл ортасында тұрып, пешті түтіндетіп жағып жатырмыз.

Зейнеткер Рақытай Кенжекееваның да жағдайы осыған ұқсас. Оның отбасы жылына кем дегенде 25 тонна көмір жағады екен. Орталық жылу жүйесіне қосылуға қаражат тапшылығы қолбайлау болып отыр. «Газ тартылмаса әрі қарай көмір жаға береміз», - дейді зейнеткер. 

Рақытай Кенжекеева, зейнеткер:

- Осыдан 2-3 жыл бұрын орталық жылу жүйесіне өткізді елдер. Енді оған мүмкіншілігіміз болмады. Сол уақыттың өзінде миллион деді ме, сондай керек деді ғой. Оған қайдағы миллион. Одан бері де мен ондай ақша жинап алып жатқан жоқпын.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Қазір жаз болғандықтан қойма бос жатыр. Көмірдің бәрі қыста жағылып кеткен. Ал одан қалған күл мына жерде тау болып үйіліп жатыр. Елордада, әсірісе, оның тура орталық ауданында мұндай көріністі күнде көре бермейтініміз анық.

Ашынған тұрғындар бұл мәселені дүркін-дүркін көтерген соң әкімдік өкілдері белсенді топпен кездесті. Жауапты басқарманың басшысы әуелі қаланың бұл ауданы орталық жылу жүйесімен қамтылғанын айтты. «Алайда артынан мұндағы үйлерді жылуға қосу үшін электр станцияларының қуаты жетпей жатыр», деді. Ал көгілдір отын тарту жұмыстары күзде басталады деп сендірді.

Төлеген Құлұшев, Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

- Мен басқарма басшысы ретінде 1,5 айдың ішінде жоба мен сараптама дайын болады деп уәде беремін. Бұдан кейін бюджетті нақтылап, ақша сұраймыз. Ал қазан-қараша айларында құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз. Бұл жұмыстарды бір айдың ішінде жасай аламыз.

Басқарма басшысы тиісті қаражат мөлшерін анықтау үшін екі апта уақыт керек деді. Ал арқаның қысына ерте қамданып үйренген тұрғындар биыл көмір сатып аларын немесе алмасын түсіне алмай отыр. Еске салайық, былтыр бас қаладағы жылыту маусымы қыркүйек айында басталған.