Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті

Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті

Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал күрделенуіне байланысты инфекциялық төсек-орын саны көбейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Өңір еліміз бойынша 2-14 шілде аралығында «сары аймақ» қатарында болды. Ал кейінгі үш күнде «қызыл аймаққа» енді.

2020 жылдан бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясымен 8089 адам тіркелді.

Айта кетерлігі, 16 шілдеде 110 адам қатерлі індет құрығына іліксе, ол 17 шілдеде 112 адамға жетті.

«Облыс бойынша инфекциялық стационарда жүктеме 66 процентті құраса, реанимациялық төсек-орында ол 40 процентке жуық. Облыс көлемінде 14 стационарда 585 инфекциялық төсек-орын ашылған болатын. Оның ішіндегі реанимациялық төсек-орын саны - 91. Шілде айында коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы күрделенді. Облыста аталған індетті жұқтырған науқастар саны артты. Нәтижесінде 7 шілдеде инфекциялық төсек-орын саны 100 төсек-орынға көбейіп, барлығы 685-ке жеткізілді. Ол 3 шілдеден бастап инфекциялық төсек-орын саны 760-қа көбейтілсе, 17 шілдеден бастап 1240 төсек-орынға жетті», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.

Биыл 1 ақпанынан бастап өңірге барлығы 408 625 доза вакцина жеткізілген болатын. Сол уақыттан бастап 15 шілдеге дейін вакцинацияның 1 компонентімен 206 мыңнан астам адам екпе салдырса, 2 компонент бойынша 118 мыңнан астам адам екпе алды.