Елордалық үлескерлер үш жыл бойы тиісті құжаттарын ала алмай жүр

Келісімшартпен пәтер сатып алған үлескерлер сенделіп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баспаналарының заты үй демесең, құжаты жоқ. Тұрғындар әу баста ол жерге үй емес автотұрақ салынуға тиіс екенін білмеген. Енді құжаттарын ала алмай, құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр.

Әнел Еділқызы, тілші:

- Елордадағы тұрғын үйлердің бірінен 350-ге жуық отбасы баспана сатып алған. Алайда пәтер иелері кооперативінің жұмысы мен құрылыс сапасына шағымданып жатыр. Расында да кемшіліктері жеткілікті. Мәселен кіреберстегі қабырғаны қатты итеріп қалсаң құлайын деп тұр.

Бас жоспар бойынша бұл жерде көлік тұрағын салу жоспарланған. Алайда мердігер автотұрақ орнына тұрғын үй салып тастаған. Кейін оны халыққа сатқан. Енді мұны білмей сан соғып қалған тұрғындар үш жыл бойы тиісті құжаттарын ала алмай жүр.

Айнұр Рахадинова, тұрғын:

-Келісімшарт бойынша біз пәтер алдық. Бұл автотұрақ екенінен бейхабар болдық. Оны кейін әкімдіктен білдік. Мердігер бізді ескертпеді.

Құрылыс сапасы да сын көтермейді. Тіпті желдеткіш те дұрыс орнатылмаған. «Соның салдарынан қыста үйдің ішіне қар, күзде су кіреді», - дейді тұрғындар.

Алма Бейбітқызы, тұрғын:

-Қыста жел соққан кезде ваннаның іші тастай болып кетеді, суық, түсе алмайсың. Жел де кіреді, қатты қар жауған кезде үйге қоқыс, қар кіріп кетеді.

Мүгедек баласы бар ана бұл көпқабатты үйден баспананы былтыр сатып алған. Енді ұлы басқа жерден пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Себебі жеделсаты жұмыс істемейді. Іске қосылғанның өзінде талапқа сай келмейді. Арбамен кіріп-шыға алмайсың.

Мүгедек Баланың, анасы:

- Екі баламнын кішісі мүгедек. Арбада, шығарып түсіру үшін ең керегі маған лифт. Сырттан да пандусы өте қолайсыз, қолжетімді емес. Казіргі күнде осы жерге келе алмайды, себебі көтеріп шығаруы қиын.

Мамандар ғимаратты түгел тексеріп, бірқатар олқылықтарды анықтаған. Олардың айтуынша, талапқа сай келмейтін тұстары көп.

Шапағат Таупықов, Орта сапасы және бақылау басқармасыны бөлім басшысының м.а.:

- Дұрыс тіркелмеген және пайдалануға берілмеген үйде тұрған азаматтарды шығару жөнінде нұсқама бар. Ал тұрғындар мәселесінің алдағы уақытта не болатынын айта алмаймын. Оған біз емес, мердігер жауапты.

Мердігерге заңсыз әрекет үшін айыпұл салынды. Бір айға лицензиясынан айырылған. Бірақ бұл тұрғындардың мәселсін шешпейтіні анық.

Мәди Олжабаев, қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының бөлім бастығының м.а.:

- Қазіргі танда біз қылмыстық іс бойынша арызданышулардың барлығынан жауап алып жатырмыз. Олардың уәждерін тексеріп жатырмыз. Егер қылмыс дәлелденіп жатса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасына кесілуі мүмкін.

Мамандардың айтуынша, тергеу нәтижелері бойынша құрылыс компаниясы қылмыстық жауапкершілікке тартылса, көпқабатты үй проблемалы нысанға айналады. Тек сонда ғана тұрғындарға мемлекет тарапынан көмек берілуі мүмкін.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Наурызбай Құрманғазы