Сovid-19: Жапонияда антирекорд тіркелді

Әлемде вирус жұқтырғандар саны 195 миллионға жақындап қалды.

Карантин талаптары күшейтіліп, халық жаппай вакцина салдырып жатқанмен ауру күн сайын көбейіп барады. Өлім көрсеткіші де анағұрлым өсе түскен.

Жапонияның да эпидемиялық ахуалы мәз емес. Елде 9 мыңнан астам тұрғын дертке ұшыраған. Олимпиада ойындары өтіп жатқан Токиода да кешелі бері 3 мыңдай адамнан қауіпті вирус анықталды.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА ДЕРТ ДЕС БЕРМЕЙ ТҰР

Оңтүстік Кореяда 1 тәулік ішінде 1896 адам вирус жұқтырған. Бұл елде індет басталғалы болмаған көрсеткіш. Жағдайдың  қиындауына байланысты үкімет 2 аптаға карантин жариялап, шектеу шараларын күшейтті.

Ким Хи-Чжонг, жергілікті тұрғын:

– Инфекцияның таралуы азаймай тұр. Арақашықтық сақтау ережесі қатаң сақталғанның өзінде де. Қазір мыңнан астам науқас бар. Бұлай жалғаса берсе, оның ел экономикасына тигізер әсері орасан болуы мүмкін.

ИНДОНЕЗИЯДА ТАБЫТҚА СҰРАНЫС АРТТЫ

Индонезияда кісі өлімінің көбейгені сонша, табыт жасайтын адам жетіспейді. Тек өткен тәуліктің өзінде 1,5 мыңнан астам азамат бақилық болған. Осыған байланысты жиһаз жасаумен айналысатын шеберлер кәсібін қойып, табыт жасауға көшкен.

– Бұрын жиһаз жасайтын едік, енді табытқа көштік. Күніне 15-20 табыт дайындаймыз. Қазір сұраныс осыған түсіп тұр.

ҰЛЫБРИТАНИЯ 1 ТӘУЛІКТЕ 36 МЫҢ АДАМ ВИРУС ЖҰҚТЫРДЫ

Тақауда ғана шектеулерді алып тастаған Ұлыбританияны да соңғы күндері коронавирус алқымнан алып тұр. Небәрі бір күнде 36 мың адам вирус жұқтырған. Мамандардың айтуынша, бұл шектеу шараларының тым ерте алынып тасталуының кесірі.