Ақтөбеде шалғынды көбелек қаптап кетті

Ақтөбеде шалғынды көбелек қаптап кетті

Ақтөбені шалғынды көбелек жайлап алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасыл желекті айтпағанда жәндіктер баспаналар мен ғимараттардың ішінде де өріп жүр. Қанаттылардың айтарлықтай зияны болмағанымен тұрғындар кейін пайда болатын жұлдызқұрттан секем алып отыр. Осыдан шамамен үш апта бұрын зиянкестер шаһардың маңындағы көкөніс алқаптары мен шабындықтарды жойып жіберген болатын. Алайда мамандар «көбелектерді улағаннан еш пайда болмайды» дейді. Тек дернәсілге айналғаннан кейін ғана жоюға мүмкіндік болады. Сондықтан ақтөбеліктерге үйлер мен саяжайларды зарарсыздандыру жұмыстарына әзір болу керек. Ал жергілікті билік шаруа қожалықтарына ғана субсидия бөлеміз деп отыр. Тұрғындар химиялық препаратты өз қаражатына алуы тиіс.

Асылхан Әбтиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі жағдайды ескере отырып, яғни ұшуы, жаппай ұшуы, ауа райының дамуына байланысты жұлдызқұрттардың шығуы тамыз айының аяғы немесе қыркүйек айының басында шығуы болжанады. Осыған байланысты барлық егіс жерлерін немесе саяжайлар бар, тұрғын үйлерді мониторинг жасап отырып, құрттар шығып жатқан жағдайда міндетті түрде құртқа қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу керек.