Орал тұрғындары жағажайдағы демалыс кешенінің құрылысына қарсы

Орал тұрғындары жағажайдағы демалыс кешенінің құрылысына қарсы шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт инвестор өзен арнасынан заңсыз тарылтып тастағанын айтады. Оның үстіне бау-бақша қауымдастығына да кедергі келтіріп отыр. Ал компания өкілдері жобаны тиісті мекемелердің ресми мақұлдауымен жүзеге асырғанын алға тартты.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл жердегі тұрғындар өз аулаларына тиіп тұрған жағалаудың қызығын көре алмай жүр. Міне, мынау артқы қақпа. Бұл жерден өтудің өзі қазір ақылы көрінеді. Ауладан шыққан адамға кәсіпкер айыппұл саламыз деп дікеңдеген. Байқағанымыздай, мына жерде кішкене жар бар. Бұл өзеннің бұрынғы арнасы екен. Инвестор анау жерге дейін тонналаған құм төгіп, өзен арнасын тарылтып тастаған.

Бау-бақша серіктестігіндегі тұрғындар үшін техникалық судың маңызы зор. Анна Копняева үйінен қарға адым жердегі Шаған жағалауына жете алмай жүр. Инвестор қолға алған демалыс аумағының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп те қойды. «Алайда жоба барысында кәсіпкер орман ағаштарын кесіп, қосымша жер телімін заңсыз иемденіп алды», - дейді тұрғындар.

Анна Копняева, «Мичуринск» бау-бақша қауымдастығының тұрғыны:

- Бізге жағалауға шығуға тыйым салды. Кәсіпкер бұл аумақ өзінің жеке иелігінде екенін айтты. Бұрын өзен суы ауламызға дейін жетіп тұрды. Аққулар мен үйректер жүзіп жүрді. Ал қазір өзен арнасы тарылды. Құстар тіптен келмейді. Демалыс кешені пайда болғалы ылғи у-шу, әуен үзілмейді. Адамдар тұратын жерде неге ондай сауық орны ашылғаны түсініксіз.

Ал көрші ауланың артқы қақпасын сыртынан әлдекімдер тіпті бітеп тастапты. Оның үстіне ескерту жасап, қоқан-лоқы да көрсеткен көрінеді.

Лариса Румянцева, «Мичуринск» бау-бақша қауымдастығының тұрғыны:

- Бұрын бақшаға суды өзеннен алып жүрдік. Ал қазір инвестор ойына келгенін жасап отыр. Заң бойынша өзенге баруымызға ешкім бөгет бола алмайды. Ал өзен жағалауы жекеменшікке өтпеуі тиіс. Алайда заңсыз әрекеттерге ешкім тосқауыл болатын емес.

Инвест жоба 2019 жылы мақұлданды. Жоспар бойынша мұнда бағалы балық түрлері өсірілуі керек. Компания өкілдерінің дау-дамайға қатысты айтары басқа. Олар жер телімін әкімдіктің мақұлдауымен алғанын және қоршаған ортаға зиян келтірілмегенін жеткізді.

Татьяна Трифонова,серіктестік бас директорының орынбасары:

- Компания басшысы инвестициялық жобаны шетелде емес, Орал қаласында жүзеге асыруды қалады. Біз демалыс орнында бекіре мен тұқы өсіруді жоспарладық. Әзірге бекіре шаруашылығы тұралап, сот процесі жүріп жатыр. Ал тұқы өсіруге жер телімі берілді. Біз өзен арнасын бұрған жоқпыз. Экологтармен өзара келісім жоқ шығар, бірақ экожүйеге зиян келтірген емеспіз.

Қазір балық өсірілетін жер көпшілік тынығатын ақылы жағажайға айналды. Аумақта батуттар, жазғы тамақтану орындары пайда болып, кәсіп көздері көбейді. Заңгер тиісті нормалардың сақталмай жатқанын айтады.

Виталий Кленин, заңгер:

- Жер қатынастары бөлімі инвесторға жер телімін берер кезде Жайық-Каспий инспекциясына сұраныс жіберді. Сол құжатта, біріншіден, бағалы балық түрлерін ғана өсіруге рұқсат берілген. Ал басқа қызмет түрлеріне тыйым салынған. Екіншіден, маңайды қоршауға, өткізу бекеттерін қоюға болмайды. Тұрғындар жағалауға емін-еркін барып келуі қажет. Ал бұл талаптар орындалып жатқан жоқ.

Асхат Құлбаев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Әкімдік жерді уәкілетті органдардың келісімінен соң ғана рәсімдейді. Құрылыс су қорғау аймағында жүргізілетін болғандықтан жауапты инспекциядан рұқсат алдық. Жер телімі жағалауды бекіту жұмыстары үшін берілді. Жобаның жоспарға сәйкестігін бақылайтын уәкілетті органдар бар. Солар қадағалайды.

Жергілікті атқарушы органдардың табалдырығын тоздырған тұрғындар саяси ұйымдардың да көмегіне жүгінді.

Гүлнәр Әлжанова, «Nur Otan» партиясы БҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі:

- Экология, табиғи ресурстарды қорғау басқармалары, сонымен қатар «Ақжайық» ӘКК тарапынан осы құжаттарды рәсімдеу кезінде жіберілген кейбір олқылықтарды көре отырып, мен болашақта мынандай ұсыныс айтқан болар едім: жауапты органдарға ұсынымдар дайындап жатырмыз. Мысалы, «Ақжайық» ӘКК ең басты осы жерде, рұқсат берген уақытта істі басынан аяғына дейін жүргізу және осы мәселені бастан-аяқ бақылап отыруды өзінің назарынан шығармау керек еді.

«Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киген органдар мәселеге кім жауапты екенін әлі анықтай алмай әлек. Тұрғындар жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырмай, шағымдарын Үкіметке дейін жолдайтынын жеткізді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов