Нұр-Сұлтандағы «Ерекше аналар» оңалту орталығына 3,5 млн теңге айыппұл салынды

«Ерекше аналар» оңалту орталығының директоры алаяқтың арбауына түсіп, айыппұл төлеуге мәжбүрмін деп шағым айтты.

Ол жалға берушімен келісімшартқа отырып, орталық ашпақ болған. «Алайда нысан мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайсыз болды», - дейді Салтанат Қалеева. Ал жылжымайтын мүлік иесі шағымға мән бермей, орталықты сотқа берген.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- «Ерекше аналар» оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі 110 бала бар. Орталық мемлекет тарапынан қаржыландырады. Әр балаға айына 90 мыңға жуық ақша бөлінеді. Былтыр қараша айында Салтанат Қалеева ғимарат жалдаған. Бірақ үйдің іші салқын болып, жалға берушіге шағымданады. Оның айтуынша, ашуланған үй иесі ішке кіргізбей, келісімшартты бұзамын деген. Мәселенің мән-жайын білу үшін жалға берушіге хабарластық. Ол жауап беруден бас тартты.

Салтанат Қалеева, орталық директоры:

- Келісімшартты бұзамын деді. Бізбен жұмыс істегісі келмейтінін айтты. Үйден қуып шығып, түн ортасында жаңа ғимарат іздеуге мәжбүр болдық. Заттарымыз да сонда қалды. Балаларға арналған жаттығу құралдары мен жиhаздарымызды алу үшін полицияға арыз жаздық.

Кейін үй иесі жалдау ақысы мен коммуналдық қызмет үшiн төлем жасалмады деп сотқа шағымданған. Оңалту орталығына қатысты екі рет сот болып, әлеуметтік мекеме жеңілген. Сот шешімі бойынша орталыққа 3,5 млн айыппұл салынды.

Әлия Ысқақова, Алматы аудандық сотының судьясы:

- Сот шешімі сот алқасының қаулысы жарияланған кезде заңды күшіне енді. Заң бойынша бірден өтеу қажет. Бірақ атқарушы іс жүргізу мерзімі бар, яғни, бұл 2 ай. Сот орындаушысы сот актісінің орындалуы үшін қандай да бір ықпал ету тәртібін қолданады. Оның ішінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, есепшотты бұғаттау сынды барлық әрекеттер жүзеге асырылады.

Салтанат Қалеева, орталық директоры:

- Біз қомақты соманы қайдан алып төлейміз. Егер есепшотты бұғаттаса, қызметкерлер айлықсыз қалады. Бізде артық ақша жоқ. Орталықта 44 адам жұмыс істейді. Олар да ақысыз еңбек ете алмайды ғой. Енді балалар тамақсыз, қызметкерлер айлықсыз қала ма?

Енді орталық басшысы қайта шағым түсіруіне болады. Бірақ... 

Сергей Уткин, заңгер:

- Оларда мүліктік талаптан басқа заңды жол бар. Десе де, Жоғарғы сотқа арыз жазу үшін бұл сома аз. Бірақ олардың мүліктік емес сипаттағы екінші талабы бар, яғни, сол арқылы сотқа шағымдануына болады.

Енді орталық директоры «қызметкерлерден қол жинап, қайта шағым жазудан басқа амал қалмай отыр», дейді.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ерлан Наурызбаев, Асхат Қарақойшиев