Түркістан облысындағы үш елді мекен ағын суға жарымай отыр

Келес ауданындағы Бірлік, Жаңа тіршілік және Қосөткел ауылдарын тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін Саңырау каналынан су ақпай, жұрттың егістігі қурап қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның үстіне биыл қуаңшылық болып, жергілікті халық малға беретін азығын да дайындай алмай қалған.

Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны Нұрдос Тәжімұратұлы малға азық үшін жылда өзінің егістік алқабына дәнді дақыл егеді. Оны өсіруге 100-150 мың теңге қаржы жұмсайды. Алайда ағын судың жоқтығынан биыл да егістігі қурап, қу тақырға айналған.

Нұрдос Тәжімұратұлы, Жаңа Тіршілік ауылының тұрғыны:

- Үш жылдан бері қайта-қайта жүгері егемін. Үміт болмаған соң малдың бәрін сатып жатырмыз. Шөп жоқ биыл, бір рет те суғара алмадым.

Дәл осындай қиындықты үш елді мекеннің тұрғындары да бастан кешіп отыр. Себебі Ошақты каналында су болғанымен ауылдарға келетін арықты жауып тастап, жұрт сусыз отыр. Еккен көкөніс қурап кеткен.

Бердіқұл Мұртазаев, Бірлік ауылының тұрғыны:

- Елге, жұртқа жаны ашитын адам жоқ. Судың басшылары елге еш жаны ашитын емес. Ошақты ауыл әкімдігі тегіс су ішеді. Біз қанша айтып басшыларға түсіндіре алмадық.

Тіршілік нәрінен тарыққан халық каналдың басына жиналып, аудан басшыларынан су беруін талап етті. Каналдағы дайын суды ауылдарға бөліп бере алмай отырған мамандардың жауапсыздығын сынға алды. Алайда аудан басшылығы ол жерге ауылға жаны ашитын жергілікті тұрғындарды жұмысқа алмай мәселе шешілмейтінін жеткізді.

Абай Жаңбырбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

- Су бар, тәртіп жоқ. Істейтін азамат жоқ. Водхозда сіз маған істейтін адам тауып берсеңіз, ол жерде қатып қалған ешкім жоқ. Бәкір де, басқасы да ауысады. Әр елді мекенге 3 азаматтан керек. Бір Бірлік ауылдық елдімекенге 12 адам алуымыз керек. Бізге ауылдан азаматтар керек. Қажет болса водхозды 1 күнде тоқтатамыз. Бір адам шықты ма жұмысқа, қоғамдық ақылы жұмыс деген бар? Бізге істейтін адам керек.

Қалай болғанда да жергілікті халық Саңырау каналын бетондамай, суға жарымаймыз деп отыр. Өйткені су бөлінгенімен, ол ауылға жетпей сіңіп кетеді. Сол себепті әзірге каналдың басынан суды бөлу үшін ауыл тұрғындарынан 6 адам арнайы бекітілді. Алайда Келес ауданында мал азығы тапшылығы әлі де бар. Өңірдегі кей аудандар қыстық жем-шөпті 90-100 пайызға жинап алғанымен Келес пен Сарыағаш аудандары мал азығы тапшылығы әлі де сезіледі. Жем-шөптің жоқтығынан кейбір тұрғындар қолдағы малын сатуға мәжбүр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы