Атырауға ерте күз келді

Атырауға ерте күз келді

Атыраулықтар күзді мұнша ерте келеді деп күтпеген еді. Мұнайлы өңірде індет тек адамдарға ғана емес, талдарға да тие бастаған сыңайлы. Жапырақ сарғайып, көгалдың күйі қаша бастады.

Мамандар бұл жылда болатын жағдай дейді. Тек биыл көлемі ұлғайған. Әсіресе, зиянкестердің көбеюі талдардың ерте қурауына әсер етіп жатқан көрінеді. Оған қоса, мұнайлы өңірде ауа-райының ыстығы биыл ерекше сезілді.

Серік Есетов, агроном:

– Ауа райының әсері бар. Биыл құбылмалы жыл. Барлық дүние жүзі бойынша өрт, су тасқыны, жылылық, ыссылық – бәрі болып жатыр. Бізде бұрын 45 градус ыстық болған жоқ. Ол өте сирек кездесетін құбылыс. Қазір 1 декадада 3-4 күн ыстық болды.

Сынап бағаны төмендеген тұста талдарға қайта жан бітеді,- дейді мамандар. Ал жергілікті билік тарапынан көгалдандыру жұмыстары үшін жылына 900 миллион теңге бөлінеді. Одан бөлек, демеушілер көмегімен де қаланы көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі екен.

Эдуард Оспанов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Күннің ыссылығы да ағаштарға әсер етіп жатыр. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес қазір 3 ауысымда зиянкестерге қарсы улау жұмыстары жүргізіліп, өзінің нәтижесін беріп жатыр. 2 ауысымда толық жүргіздік. Енді үшінші ауысым бойынша күз айларында жүргізіледі.

Қолдан келер шараның бәрі қолға алынды,– дейді жауаптылар. Алайда онсызда көгалы аз өңір үшін бұл құбылыстың қызу талқыға түсуі заңдылық шығар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин