Қарағандыда құны 22 млрд теңгенің жылу құбыры салынып жатыр

Қарағандыда құны 22 млрд теңгенің жылу құбыры салынып жатыр

Қарағандыда құны 22 миллиард теңгеге салынып жатқан жылу құбырының құрылысы келер жылы толық аяқталады. Бұл қаланың оңтүстік-шығысы мен Майқұдық елді мекенінің тұрғындары пәтерін жылыта алмай, бүрсең қағып отыратын кезеңді ұмытады деген сөз. Қазір бір мезетте үш бірдей сорғы станциясы салынып жатыр.

Үшінші жылу құбырының құрылысын қарағандылықтар көптен күткен. Себебі тұрғындар қыс келсе пәтерде бойы жылымай, «жарымаған жылу үшін қыруар қаржы төлейміз» деп күйінетін. Жаңа жобаның қуаттылығы төрт жүз гигакалориядан асатын болады. Бұл тіпті Қарағанды қаласының тең жартысын жылуға қосуға болады деген сөз.

Сергей Фрик, жоба жетекішісі:

- Жылу тасығыштың барлық мүмкіндіктерін сақтап қалу үшін 4 бірдей сорғы станциясы салынады. Ол температура қысымын 22 шақырымдық магистраль бойы бір қалыпта ұстап тұрады. Қазір 1-сорғы станциясында жұмыс аяқталып, ғимараттың монтаждау жұмысына дайындық басталды.

Өткен жылы бірнеше мәрте апат болған қаланың бірқатар проблемалық аудандарында құбырларды ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қысқы маусымға дайындық жұмыстарын 30 қыркүйекке дейін аяқтау жоспары бар.

Константин Петров,  3-ЖЭС бас инженері:

- Жылу алмастырғыш 23 қазандықтың барлығында тазалық жұмыстары жүргізілді. Тағы 3 бірдей қазандықта күрделі жөндеу жұмыстарын жасадық. Жылу жүйелері мен негізгі құбырлардың барлығын да қысқы маусымға дайындап қойдық. Жоспарлы жұмыстардың барлығы да мерзімінде аяқталады.

Былтыр Сортировочная ауданының тұрғындары да құбырдың қаптамасы болмауы салдарынан жылуға жарымаған еді. Себебі қаптама темірлер көбінесе қолды болып кетеді. Енді аталған құбырлар мынандай арнайы фольга орандысымен жабылады. Бұл жылуды сақтауға ықпал етеді. Қала бойынша 76 шақырым құбырды осындай орандымен жабу үшін 5,6 миллиард теңге қаражат қажет.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков