Ескірген көлік, мардымсыз айлық: өрт сөндірушілерге неге жағдай жасалмай жүр

От кешіп жүрген жандар, қазақшаласақ өз жарасын өздері жалап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде өрт сөндірушілерге арналған бірде-бір әлеуметтік бағдарлама жоқ. Айлық табысы да мардымсыз. Мәжіліс депутаты осы мәселеге назар аударатын кез әлдеқашан жетті дейді. Ерлан Саиров құтқарушылар қолданып жүрген техникалардың әбден ескіргенін айтып қалды.

Батырың арада жүр. Тілсіз жаумен тіресетін де, тасқын сумен күресетін де осылар. Апатпен алысып жатады. Сөйтіп жүріп өлім құшқандары бар. Соңғы 10 жылда елде қызмет бабында жүріп, 16 өрт сөндірушінің қаза тапқанын естідік. Сорақысы сол, басын қауіп-қатерге тігетін әлгі жандар өз жыртығын өздері жамай алмайды. Айлық табысы – мардымсыз.  

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең бірінші жұмыс істеуіне толыққанды жағдай жасау. Яғни, материалдық-техникалық базасын арттыру. Сонымен бірге олардың жалақысын арттыру және оларға толыққанды әлеуметтік пакет беру – менің ойымша бүгінгі таңдағы ең негізгі мәселе.

Жыл басында осы салаға жауапты министр әлеуметтік пакет әзірленіп жатыр деді. Әлі дайын болмапты. Жайбасар солардың кесірінен қаншама құтқарушы бала-шағасын шұбыртып пәтер жағалап жүр. Арасында 70 мың теңге жалақы алатындары бар. Бұл қай жыртығын жамауға жетеді?

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тұрмыс жағдайына назар аудару керек. Қалалық жерлер болатын болса, ипотекаға қолжетімділік, ал ауылдық жерлер болса, өздеріне үй салып алуға, үй-жайын кеңейтуге мемлекет, Үкімет, жергілікті әкімдер көмек көрсетуі қажет.

Шымбайға бататын тағы бір мәселе. Өрт сөндірушілер қолданып жүрген техникалардың дені әлдеқашан ескірген. Мәжіліс депутаты осыған ашынады. Бірақ салада жүргендер биылдан бастап құтқарушылардың айлық табысы өсті дейді. Әлі де көтереміз деп мәлімдеме жасаған-ды.

Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Өрт сөндірушінің жалақысы еңбек өтіліне, біліктілігіне және атағына байланысты 2020 жылы орташа есеппен 99 000 теңге, 2021 жылы 108 000 теңге болды. Ал еңбек өтілі жоғары өрт сөндірушінің жалақысы 2020 жылы 160 000 теңгені, 2021 жылы 177 000 теңгені құрады.

Бұл салаға кімдер барады? Оқуға түсе алмай, әскерге барып келгендер жұмыссыз жүрмеу үшін амалсыз өрт сөндірушілердің есігін қағады. Аз айлыққа көнеді. Өйткені олардың күзетші болатын яки құтқарушы атанатын екі-ақ таңдауы бар. Соның өзінде елде өрт сөндірушілер жетіспейді. Бес мыңға жуық маман керек. Құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын түземесе, бұл сан енді сөзсіз өсе береді.

Дастан Сейілханұлы, Жарқын Мырзахан