Шамалған халқы суды өзеннен тасып ішеді

Шамалған халқы суды өзеннен тасып ішеді

Шамалған ауылында 100-ден астам отбасы суды өзеннен тасып ішеді. Осы мәселені шешеміз деп, екі бірдей жоба жасалды. Жоба әрине тегін жасалған жоқ. Қыруар қаражат. Бірақ сол екі жобаға да бір тиын ақша бөлінбеді. Себебі неде?

Шамалғандық Ақалтын Қалыбекованың күндегі тірлігі осы. Үйінің іргесінде ағып жатқан өзенге күніне 4-5 мәрте барып қайтады. Бала-шағалы болғандықтан су шақ келмейді. Үйдегі үш баланың шамасы жеткендері аяғы ауыр аналарына көмектескен болады. Бірақ тасыған су ештеңеге жетіп қарық қылмайды. Бұл маңда кейінгі 5-6 жылда салынған 100-ден астам үй бар. Амалын тапқандары ауыз суды ауыл орталығынан алып келеді. Бөшкемен жеткізілген суды сатып алатындары да бар. «Бірақ бұл мәселені шешпейді» дейді ондағы жұртшылық.

Гүлиса Мақсұтова, Шамалған ауылының тұрғыны: 

- Осы Шамалған ауылында 2017 жылдан бері тұрамын. 3 балам бар. Балаларды арықтың суымен жуындырамыз. Су жоқ кезде сол судан ішеміз. Кірлерімізді де сонымен жуамыз. Барлық тазалықты сол арықтың суымен сақтап отырмыз.

Абубакир Азимов, Шамалған ауылының тұрғыны:

- Кезінде мен жерді сатып алғанда бір жылдан соң су болады деген. Міне 4 жыл өтті. Уәде орындалмады. Мұнда көбіне көп балалалы отбасылар мен зейнеткерлер тұрады. Өзен суының сапасының нашар екені айтпса да белгілі ғой. Бізге арналған бір емес екі жоба бар дейді. Соны күте-күте шыдамымыз таусылды.

Ауылда суға қатысты екі жоба бар екен. Оның бірі Қаскелеңмен қоса 23 ауылды айнала қамтитын су жобасы. Құны 6 млрд теңгенің шамасында. Ол 2023 жылға қарай жүзеге асырылмақ. Ал екіншісінің құны 30 млн теңге. Жергілікті билік оған алдағы көктемде су ұңғымасын орнатуды жоспарлап отыр.

Ержас Тоқтасынов, Шамалған ауылдық округінің әкімі: 

- Бұл мәселені де шешуде қазіргі уақытта жер телімі анықталып су ұңғымасын орнататын одан кейін сметалық құжаттар дайындалған болатын. Қазіргі уақытта бұл құжаттардың бәрі аудандық Тұрғын үй бөліміне өткізілді. Тұрғын үй бөлімі облыстық Тұрғын үй басқармасына жіберілген болатын. Аталған массив кезіндегі колхоз кезіндегі пай жерлері ауыл тұрғындарына беріліп, 2015 жылы сегменттеліп, мына ауыл тұрғындарына сатылған болатын.

Ауыл әкімі «келесі көктемде су болады» деп сендіріп отыр. Ал оған дейін ондағы жұртшылық әркім өз шамасына қарай амалдай тұрады. Жақында көп балалы ана атанғалы отырған Ақалтын Қалыбекова мұны естіп жабырқап қалды. Себебі тағы бір қыс өзеннен су тасуға тура келеді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев