Шымкентте жарық неге жиі сөнеді

Шымкент қаласының тұрғындары электр энергиясының тапшылығын сезініп отыр.

Жауапты мекеме өкілдері бұл жағдайды Шардара су қоймасындағы су деңгейінің күрт төмендеуімен түсіндірді. Соның салдарынан су электр станциясы қуат көзін өндіруді қысқартқан. Мемлекет басшысы өз жолдауында алдағы 10 жылда ел бойынша электр энергиясының тапшылығы болуы мүмкін екенін болжаған. Сондықтан Президент қауіпсіз және экологиялық таза атом энергиясын дамыту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Шаһардағы Тұран ықшамауданында жарық жиі сөнеді. Қуандық Мейірбековтың айтуынша, кейде бірнеше күн бойы жанбай қоятыны тағы бар. Электр энергиясының тапшылығын әбден көрген тұрғындар қала басшылығына бірнеше мәрте шағымданыпты. Бірақ нәтиже жоқ дейді.

Қуандық Мейірбеков, қала тұрғыны:

–Жиі өшеді, түнде өшіп қалады. Кейде жарты күндей болмайды. Мен зейнеткермін. Өмір сүруімізге кері әсерін тигізіп жатыр. Тариф өте жоғары. Мен газ болмаған соң электр қуатын жиі пайдаланамын, өткен айда 20 мың төледім.

Тұран – Шымкент қаласындағы электр қуатының тапшылығын сезініп отырған жалғыз аудан емес. Кеңес заманынан бері келе жатқан қаладағы қосалқы станцияның да әбден тозығы жеткен. Күн сайын қалаға сағатына 200 мегават электр энергиясы қажет. Алайда мамандар қуат көзінің тапшылығына байланысты соның 80 мегаваты жетпейтінін айтады.

Бәкен Мақұлбеков, қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

–Қазіргі уақытта электр энергиясының тапшылығы бар. Өйткені, Шардара су электр станциясында су жоқ. Сондықтан олар тәулігіне 10 мегават қана қуат өндіреді. Әйтпесе, ондағы су электр станциясы сағатына 120 мегават жарық өндіруге қауқарлы. Судың жоқтығы бәрімізге кедергісін тигізіп отыр.

Мамандар оңтүстік өңірде электр қуатының тапшылығы бұрын да болғанын айтады. «Солтүстік-Оңтүстік» электр тасымалдау желісінің өткізу қабілеті қажеттілікті толық өтей алмаған. Сондықтан мегаполиста заманауи қосалқы станциялар бой түзеді. Бірақ оны қарапайым халық 8 жыл күтті. Жарыққа деген тәуелділіктен арылу үшін жергілікті Жылу электр орталығы 2025 жылға дейін бу-газ қондырғысын іске қосуы керек. Ал Түркістан облысында қуаты мың мегаватт болатын турбо-газ зауыты салынады. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеуді тапсырды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов