Шымкенттегі мектеп жылыжайы экзотикалық баққа айналды

Шымкенттегі мектеп жылыжайы экзотикалық баққа айналған.

Қазір оқушылар банан, апельсин және лимон жинап жатыр. Алғашында жас бағбандар тропикалық өсімдіктерді қызығушылықпен еккен екен. Бірақ өсіп, өнім береді деп ойламапты. Алайда жылы жақта ғана өсетін жеміс ағаштары жас ұрпақтың қолын жатыр-қамағанға ұқсайды. 

Мектеп ауласындағы аумағы 200 шаршы метр болатын жылыжайдың іші ғажайыпқа толы. Мұнда не жоқ дейсіз, тропикалық жемістер мен өсімдіктердің сан түрі жайқалып тұр. Егер экзотикалық табиғатқа барғыңыз келіп жүрсе, шетел асудың керекгі жоқ. Іздегеніңіздің бәрін осы жерден табасыз. Бұл оазисті Шымкенттік оқушылар мектеп ауласында өздері жасаған. Бірақ мұншалықты керемет болатынына сенбепті.

Гурнур Атем, № 89 мектеп-лицейінің оқушысы:

– Біз биыл осы бақтан жеміс жинадық. Енді 3-4 айдан кейін тағы да жеміс береді. Мысалы банан ағашының бір түбінен 30-40 банан жемісін алдық.

Бекзат Әбдусәлиев, № 89 мектеп-лицейінің оқушысы:

– Мен өсімдіктерді зерттейтін ғалым болуды армандаймын. Әсіресе, тропикалық өсімдіктер қатты қызықтырады.

Қазір оқушылар бананның қалай гүлдейтінін, лимон мен ананасты және апельсинді қалай күтіп, баптау керектігін жақсы біледі. «Соның арқасында биылғы жыл жемісті болды,- дейді жас бағбандар. Қазір олар өз тәжірибелерін одан сайын жетілдіріп жатыр.

Жансұлу Ерубаева, №89 мектеп-лицейі биология пәнінің мұғалімі:

– Өз тәжірибеміздің жемісті болғанына қуаныштымыз. Біздің жас бағбандарымыз алдына үлкен мақсат қойып отыр. Енді біз цитрустық өсімдіктерді өз бақшамызда өсіріп, оны көбейте аламыз. Біз болашақта тропикалық жемістерді өсіріп, одан мол өнім алуға болатынын дәлелдегіміз келеді.

Мектеп асханасының аспаздары енді жеміс-жидек пен көкөніс сатып алу үшін базарға бармайды. Барлығы өздерінің жылыжайында жайқалып тұр. Сондай-ақ Америка мен Голландияда өсетін гүлдердің түр-түрін осы жерден кездестіресіз. Ал көрші жылыжай көкөністердің отаны саналады. Түрлі эксперименттер жасалуда. Қазір мектеп ауласы ботаникалық бақ іспетті.

Әсия Нарымбетова, №89 мектеп-лицейі директорының орынбасары:

– Біздің мектебімізде оқушылардың қолымен жасалған екі аллея бар. Оның бірі – түлектер, ал екіншісі - бастауыш сыныптар аллеясы. Біз бұл бақтарға үнемі сәнді ағаштар отырғызып, күтіп баптаймыз.

Бұл мектеп балаларды бағбандыққа үйретіп қана қоймай, еңбекке баулиды. Мұғалімдер де бұл мектепті бітіріп шыққан балалар табиғатқа зиян келтірмейтініне сенімді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов