Алматылықтар өте сирек кездесетін жануарды хайуанаттар бағына өткізді

Алматы облысының тұрғындары таудан түскен, жараланған сабаншыны тауып алды.

Бұл аң ғылымда «манул» деген атпен белгілі. Ол мысық тұқымдасына жатады. Өте сирек кездесетін жануар Қызыл кітапқа енген. Сабаншы бірден Алматы хайуанаттар бағына жеткізілді. Енді оның аяғына операция жасалады.

Сабаншы бір қарағанда кәдімгі мысық сияқты. Бірақ анықтап зер салсаңыз, жыртқыш аңға жататынын байқауға болады. Оны Алматы облысындағы  Кеген ауданының тұрғындары тауып алған. Ит талап жатқан сабаншыны қойшылар көріп қалып ажыратып алыпты.  Содан кейін жабайы аңды орманшыларға тапсырған.

Айта кетейік, 1950-60-шы жылдарға дейін сабаншыны атуға рұқсат берілген. Ал санының сиреп кеткеніне байланысты 1976 жылдан бастап Қызыл кітапқа енгізілді.

Леонид Сидоренко, жануарлар әлемі және орман шаруашылығы алматы инспекциясының бөлім басшысы:

– Сабаншы Қазақстанның ғана емес, Ресей, Қырғызстан және де басқа бірнеше елдің Қызыл кітабына енгізілген. Шынын айтсақ, оның табылғанына қатты таңғалып тұрмыз. Бұл текқана  Алматы облысында ғана емес, Қазақстан бойынша  ерекше оқиға дегім келеді. Әрине, енді оның жалғыз еместігіне көзіміз анық жетеді. Аз да болса, бар болғандығы  қуантып отыр. Әзірге олардың санын нақты білмейміз. 

Сабаншыны қазір Алматының хайуанаттар бағы қарап жатыр. Оған шамамен 8 ай. Ветеринарлар оның артқы табанының сынып кеткенін айтып отыр.   

Алина Чимирук, хайуанаттар бағының Бас ветеринар дәрігері:

– Тексеріп көрдік. Сыртқы келбеті жаман емес. Сүт тістері әлі түгелдей түсіп үлгермепті. Қазір жаңа жерге үйренісе алмай жатыр. Адамдардан шошынып қалған. Енді оны операцияға дайындаймыз. Сынған табанын қайта қалпына келтіруіміз қажет.

Операциядан кейін сабаншы  хайуанаттар бағында қалады. Енді оның қасына жұп табу жағы қолға алынбақ. Қазақстандағы хайуанаттар бағының ешқайсысында мұндай аң жоқ. Сондықтан сабаншыны өзге елден іздейді.  

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов