Қазақстанда халықты вакциналаумен қамту 71,5% құрады – А.Цой

Қазақстанда халықты вакциналаумен қамту 71,5% құрады – А.Цой
primeminister.kz

Қазақстанда соңғы екі аптада аурушаңдықтың өсуі 35%-ке төмендеді. Республика бойынша сырқаттанушылық деңгейі аптасына 31 мыңнан 25 мыңға дейін 14%-ке төмендеген. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«ДДСҰ бағалауы бойынша, Қазақстанда репродуктивті сан соңғы төрт апта ішінде бір саннан төмен, бұл пандемия бақылауда екенін және сырқаттанушылықтың тұрақты төмендегенін көрсетеді», – деп атап өтті А.Цой.

Министрдің айтуынша, аурудың оң динамикасы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына да әсер етті. Соңғы екі аптада республиканың 5 өңірі «қызыл аймақтан» сары аймаққа көшті, олар: Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары. Түркістан облысы «жасыл аймақта». Қалған 11 аймақ – «қызыл аймақта».

Министр атап өткендей, эпидемиологиялық жағдайдың оң динамикасы ауырғандардың санымен салыстырғанда, сауығып шыққан науқастар санының артуымен де дәлелденеді. Сонымен, соңғы аптада сауығып шыққан науқастардың саны апта ішінде ауруға шалдыққандар санынан 1,5 есе көп болды.

Министрдің сөзіне қарағанда, бірінші компонентпен 7,1 млн астам адам егілді, екпе алуға жататын халықты қамту 71,5% құрады, екінші компонентті 5,9 млн астам адам алды, екпе алуға жататын халықтың шамамен 60%-і қамтылды. Өңірлер вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Вакциналарды жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

«Вакциналау әлі күнге дейін коронавирус инфекциясының алдын алудың жалғыз нақты шарасы болып қалып отыр. Сондықтан әрбір қазақстандықты вакцина алуға және елімізде ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға өз үлесін қосуға шақырамын», – деді сөз соңында А.Цой.