Шағын бизнесті қолдау жалғасып жатыр

Жамбыл облысында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жыл басынан бері мыңға жуық кәсіпкерге қолдау көрсеткен. Олардың басым көпшілігі жаңадан іс бастаса, бірқатары бизнесін кеңейткен. Бұл жобаларды қаржыландыруға 5 миллиардтан астам теңге бөлініп игерілген.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашқан тұлғалар қазір тірлігін тіктеп, шаруасын табысты жүргізіп отыр.

Эльмира Есекеева Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жүзеге асырып жатқан «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы. Ол ұзақ жылдан бері тігіншілікпен айналысады. Бұған дейін түрлі цехтарда жалдамалы тігінші болып жұмыс істеген. Биыл бағдарлама туралы естіп өзі жеке іс бастауға бел буады.

Эльмира Есекеева, кәсіпкер:

– Мен үшін бұл ісімнің басы болды. Осы ақша болмаса мен әлі біреудің қол асытнда жұмыс істеп жүрер едім. Менеджерлеріне рақмет. Өте жылдам түсінікті қылып бәрін істеп берді. Біз пока тірлігімізді жүргізіп клиентімізді жинап алғанша бізге 6 ай каникул берді. Алты айдан кейін де үш айдың ішінде төлеп тұрамыз.

Кәсіпкер көпбалалы ана. Еңбек бағдарламасының шартына сәйкес бұл санаттағы тұрғындарға несие 4 процент жеңілдікпен беріледі. Тігінші әйел осы мүмкіндікті пайдаланып 3 миллион теңге несие рәсімдеген. Оған қажетті тігін машиналары мен мата, мақта, ине, жіп сияқты керек-жарағын сатып алды. Қазір 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бауыржан Тәжібаев, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Жамбыл филиалының бөлім басшысы:

– Еңбек бағдарламасы аясында 4 миллиард 26 миллион теңге бөлінді. Бұл бағдарламаның тиімділігі барлық несиелер бізде 6 процентпен қарастырылған. Ал егер көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы болатын болса ол кісілерге несиелер 4 процентпен қарастырылған. Енді қазір қалғаны 1 миллиардтай қаражат қалды. Соған өтініштер әлі қабылдануда.

Еңбек бағдарламасы өз кәсібін ашамын немесе кеңейтемін деген азаматтарға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері өтініш білдірген 700-ге жуық адамның кәсіпкерлік жобасы 3 миллиард теңгеге қаржыландырылған. Айта кету керек, рәсімделген несие қаржысының 85 проценті мал шаруашылығына салынған.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә