СҚО: материалдардың қымбаттауына байланысты емхана құрылысы тоқтап қалды

СҚО: материалдардың қымбаттауына байланысты емхана құрылысы тоқтап қалды

Солтүстік Қазақстан облысында материалдардың қымбаттауына байланысты бірнеше құрылыс нысанында жұмыс тоқтады. Өңірде денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласындағы 30-ға жуық жобаның сметалық құжаттары қазір қайтадан есептеліп жатыр.

Себебі жауапты мердігерлер бағаның өсуінен шығынға батқан. Жоспар тағы жүзеге аспады. 250 адамға арналған денсаулық сақтау мемекемесінің қазіргі сыйқы мынау. Әлі қабырғалары да қаланбаған. Жоба құны –  1,8 миллиард теңге.

«Береке» ықшам ауданындағы емхананың қазығы былтыр мамыр айында қағылды. Және ол өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуі тиіс еді. Бір жарым жылға жуық уақыт өтті. Әзір нысанның бірінші қабаты ғана көтерілген. Оның өзінде толық емес. Құрылыс баяу жүріп жатыр.

Түсірілім кезінде учаскеде санаулы адамның еңбек етіп жүргінін байқадық. Мердігердің айтуынша, жұмыстың жүрмеуінен бірнеше маман қысқартылған. Бірақ шаруалар қайта жанданса, 300-ге жуық қызметкер мұнда құрылысқа тартылады.

Әлімжан Исмаилов, мердігер компания басшысының орынбасары:

– Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжатты қайта қарастырып, оған түзетулер енгізілгелі жатыр. Сараптама тағайындады. Себебі ол осыдан үш жыл бұрын дайындалған болатын. Ал құрылыс материалдарына баға қазір басқа. Сондықтан осындай проблема туындап отыр..Енді бәрі жақсы болса, біз бұл емхананы келер жылдың көктемінде тапсырамыз ба деп отырмыз.

Иә, мамандар мұны қымбатшылықпен байланыстыруда. Соңғы бірнеше айда материалдар орта есеппен 10 процентке қымбаттаған. Қазір әсіресе мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан компаниялар тығырыққа тірелді. 25 жобаның сметалық құжаттары қайта қаржыландырылады.

Майгүл Қажжан, облыстық құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы

– 2018 -2020 жылдары әзірленген жобаларға яғни мердігер компаниялар сол жобаларға өзгерту енгізуге, корректировка жасауды сұрағандықтан әкімдік сол жобаларға қайтадан түзету енгізіп жатыр. Жалпы бұл жұмыстар 1-1,5 айдың ішінде аяқталуы тиіс.

Аудандарда бірнеше спорт кешендерінің құрылысы созылып кетті. Ал Петропавлда емханалармен, жатақхана сынды әлеуметтік нысандар кестеден кешеуілдеп жатыр. Кейбірінде жұмыстар тоқтаған. Ал театр тіпті сақалды құрылысқа айналды.

Мәдениет ошағы 2018 жылдан бастап салынып жатыр. Дегенмен әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ. Бір қызығы құрылысы сағызша созылған нысанның аумағы қазір абаттандырылып жатыр.

Қазіргі таңда облыста барлығы 80 –нен астам нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 73-і көпқабатты тұрғын үй.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов