Құзғындар балық қоймай барады

Құзғындар балық қоймай барады

Құзғындар балық қоймай барады. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Оларды атуға, аулауға болмайды. Павлодар облысының табиғат қорғаушылары осыған алаңдап отыр.

Ертіс өзені ғана емес, аймақтағы өзге де өзен-көлдерде құзғын қаптап кеткен. Егер бір шара болмаса балықсыз қалуымыз да мүмкін. Себебі шабақтар мыңдап ұшатын қомағай құстың жемтігіне айналып жатыр.

Бұл Аққулы ауданының орманшылары түсірген кадр. Ал Май ауданында құстардың саны бұдан екі –үш есе көп көрінеді. Бұл құстар суда еркін жүзеді. Біреуі күніне бір келіге жуық шабақ жейді екен.

Қайыққа отырып Ертіс өзенін бойлай су құзғындарын іздеуге шықтық. Жолымыз болады деп ойлаймын. Себебі құстар әлі жылы жаққа ұша қойған жоқ.

Құстардың алғашқы легі ұшып өтті. Бірақ біз күткендей көп емес. Күн салқындағанда су құзғындары өзеннен көлге ауысады екен. Марат Бағжанов Ертіс қойнауындағы 27-ші және 30-шы кварталға жауапты. Жиырма жылдай орман шаруашылығында еңбек етіп келе жатқан ол су құзғындары барлық көлдерде кездесетінін айтады.

Марат Бағжанов, орманшы:

– Соңғы жылдары су құзғындарының саны күрт өскені байқалады. Олар су қоймаларындағы балықтарды жойып жібереді. Бұл құстар ұя салған ағаштардың өзі қурап қалады. Атуға рұқсат жоқ. Сол себепті санын реттеу қиын.

Ертістің орман алқабы ерекше қорғалатын табиғи аймаққа жатады. Бұл жерде аң мен құсты атуға тыйым салынған. Тоғайда емін-еркін жайылып жүрген елік, бұландар кездеседі. Биыл қабандар пайда болыпты. Орманшыларды тек өңірдегі өзен-көлдерде су құзғындарының өте көп шоғырланғаны алаңдатып отыр.

Аждар Жүсіпов, Жануарлар әлемі және орманды қорғау мекемесінің жетекшісі:

– Құзғындардан ешқандай пайдасы жоқ. Олар балықтарды жойып жібереді. Біз облыстық инспекцияға хат жаздық. Ғалымдар кеңесі қазір ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр. Қортындысы шыққаннан кейін шешім қабылданады. Бәлкім оларды реттеуге яғни атуға рұқсат беріліп қалар деп ойлаймын.

Жалпы Павлодар облысында 200-ге тарта құс түрі бар. Кейінгі жылдары шағын су қоймалары аққұтандар мен көкқұтандардың мекеніне айналған. Аққуларды аймақтағы барлық айдын – көлдерден кездестіруге болады. Ал құс базарына айналған мына су қоймасы облыс орталығынан бар болғаны 10 шақырымда жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат