ҚТЖ: контейнерлік транзиттік тасымал көлемі 1 млн ЖФЭ-ге дейін өседі

«Қазақстанның көлік әлеуеті: өткені мен болашағы». Дәл осындай атаумен Алматы мен Нұр-Сұлтанда халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ауқымды шара, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және құрметті теміржолшы, көрнекті мемлекет қайраткері Нығматжан Исинғариннің 80 жылдығына арналды. Министрлік өкілдері, сала ардагерлері мен «Қазақстан темір жолы» компаниялар тобының басшылары бас қосып, еліміздің көлік логистикасын талқылады. Сонымен қатар мерейтой иесін арнайы құттықтады.

Еліміз Тәуелсіздік алғалы Қазақстан теміржол саласы ел экономикасының қарыштап дамуына зор үлес қосты. Қазақстанның көлік әлеуетін тілге тиек еткен мамандар конференция барысында осылай деді. Соңғы 10 жылдың өзінде Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы тасымал көлемі 10 есе ұлғайды. Сондай-ақ егемендік алғалы елімізде 2,5 мың шақырым темір жол салынды.

Нұрлан Сауранбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту транзиттік жүк ағынын тартуға мүмкіндік берді. Контейнерлік тасымалдар тұрақты өсімді көрсетті. Биыл біз контейнерлік транзиттік тасымалдар көлемін 1 млн ЖФЭ-ге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Учаскелердің өткізу қабілетін арттыру үшін теміржол инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі жобалар іске асырылуда. Достық станциясы мен Достық-Мойынты желісін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Темір жол саласындағы көптеген өзгерістердің бастауында көрнекті мемлекет қайраткері – Нығметжан Есенғарин тұрды. Ол еңбек жолын қарапайым электромеханиктен бастап, бірінші көлік министрі лауазымына дейін көтерілді. Ардагердің еңбегі бүгінде көпке үлгі. Ол бүгін 80 жасқа толды. Мерейтой иесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады. Сала ардагерін әріптестері, халықаралық теміржол ұйымдарының өкілдері құттықтады.

Қуаныш Котырев, «ҚТЖ «ҰК» АҚ Консультативтік кеңесінің хатшысы:

– Ол кісі сөйлегенде дауыс көтермейтін. Дауысын ақырын шығарып сөйлейтін еді. Конференцияда 30-40 шақты адам болады, сөйлегенде салмақты болатын.

Жоғары білімді әрі білікті мамандар – бұл Қазақстан темір жолының басты құндылығы. Дәл осы теміржолшылардың кәсібилігі мен қарымды қабілеті компанияның дамуына серпін берді. Мамандардың айтуынша, Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан саладағы өндірісте әлемдік көшбасшылармен серіктестік орнатты. Қазір елде алып локомотив, вагон мен рельстер шығаратын зауыттар бар.