Елімізде жастар арасында онкоурологиялық аурулар дендеп барады

Елімізде 194 мыңнан аса адам түрлі деңгейдегі ісікке шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, жастар арасында онкоурологиялық аурулар дендеп барады. Осыған байланысты дәрігерлер «дертті ерте анықтау үшін жыл сайынғы медициналық бақылауды міндеттеу қажет» дейді. Оның үстіне обырға шалдыққан 6500 науқас коронавирус жұқтырған. Тіпті қайтыс болғандары да бар.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- 39 жастағы Гүлдана сап-сау жүрген. Үш ай бұрын бүйрегінде ісік барын біледі. Өкінішке қарай, емдеуге тым кеш еді. Елордадағы онкологиялық аурухана хирургтары операция жасап, ісікпен бірге бір бүйрегін алып тастады. Қазір науқастың жағдайы жақсы.

Гүлдана, науқас:

- Бір көрінейін деп бүйректі түсірдім. Сонда тапты. Ол мазаламағасын мен қарамаппын да оған. Ойламаппын. Таныстарымнан сұрағанда да айтты, «шетелге бару керек, біздікілер жасай алмайды» деп. Мен бірінші Қазақстанның сайттарын қарап шықтым. Осы онкология орталығы шықты. Осы урология жағын қарадым. Осы дәрігерге сәті түсті.

Талғат Құрманов: «сапалы медицинаны шетелден емес, өзіміздің елден іздеу керек» дейді. Білікті маман жылына 500 адамға тегін операция жасайды. Онкоуролог Шалқар Мұғалбеков те елде ісік аурулары көбейіп жатқанын растады. Бұған өмір салты, генетикалық ерекшелік, дұрыс тамақтанбау сынды факторлар әсер етеді. Бойында ісік барын науқас III, IV кезеңіне жеткенде ғана біле алады. Өкініштісі, дерт бауырға ауып кетсе, науқасты құтқару мүмкін болмайды.

Шалқарбек Мұғалбеков, Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкоуролог дәрігері:

- Кейбір кезде кіші дәретпен зәрі қанмен шығады. Бел ауырады. Сол ісік ауруы үлкейіп бара жатқан кезде, метастаз болған кезде белгілері болады. Ал бастапқы деді, енді өсіп жатқан кезде белгілі болмайды. Сол үшін адамдарға бір жылда бір рет тексеруден өту керек. Бір жылда бір рет бүйректі тексерту керек. Гипертония кезінде де міндетті түрде тексерілуі керек.

Елімізде ерте диагностикалау мүмкіндігі бар. Обыр түрлерінің жасаруына бұл да ықпал етуі ықтимал.

Бақытжан Оңғарбаев, Қазақ онкология және радиология институтының басқарма төрайымының орынбасары:

- Қазір елде 195 мыңдай адам есепте тұр. Әсіресе, сүт безі обыры, ерлер арасында өкпе ісігі дендеп тұр. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласындағы көрсеткіш жоғары. Біз науқастың екі бүйрегін де сақтап қалуға тырысамыз. Бірақ былтырғы карантин адамдарды ерте диагностикалауға кедергі болды.

Коронавирус адам таңдамайды. Обырға шалдыққан 6,5 мың науқас қауіпті дертті жұқтырған. 200-ден астамы бақилық болған. «Қандай да бір ауруды ерте анықтау үшін жыл сайын медициналық бақылауды міндеттеу қажет», - дейді дәрігерлер.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев