Қарағанды облысының тұрғындары қара суықта екінші жыл қатарынан жылусыз қалды

Осы Қарағанды облысындағы Молодежный кентінің тұрғындары күздің қара суығында бүрсең қағып отыр. Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, қазандық қыркүйектің 27-сінде іске қосылған. Бірақ пәтерлер жылымай, азынап тұр дегенді алға тартады баспана иелері. Бұл жағдай осымен екінші жыл қатарынан қайталанып отырған көрінеді.

Жазира Ахметованың пәтерінде температура 13 градустан аспай тұр. Сондықтан зейнеткерлер үйде күн ұзақ күртешемен жүреді. Ал жылытқышты ұзақ уақыт қосуға мүмкіндік жоқ, төлемін қалта көтермейді.

Жазира Ахметова, Молодежный кентінің тұрғыны:

– Зейнеткерлерге ең төменгі тарифпен есептеледі. Сондықтан жылытқышты бірде қоямыз, бірде қоймаймыз. Қатты тоңғанда қоямыз, сосын суырып тастаймыз. Былтырдан бері мына үйге не болғанын білмеймін, суық. Мінеки, киініп отырмын, шалым күртемен отыр.

Қазір елді-мекенде 6500-ге жуық тұрғын бар. Шамамен 100-ден астам үйді екі бірдей қазандық жылытады. Басым бөлігі Қаныш Сәтбаев атындағы каналға тиесілі. Ал қалған 17 көпқабатты үй мен бірнеше коттедж және мектеп пен бала-бақша жеке қазандыққа қосылған. Бірақ оның жұмысына жұрттың көңілі толмайды. Былтыр да тура осы жағдай қайталанған, - дейді олар.

Жұмабике Оспанова, Молодежный кентінің тұрғыны:

– Осы аралықта үсіп өлетін болдық. Былтыр үйде 8 градус болған, 12 деген болған жоқ. Көресіздер, 1 қазаннан бастап 100 процент алады. Жылу болмаған уақытты алып тастамайды. Жарық өз алдына қымбат. Былтыр 14-тей болған, биыл 19 болады.

Тұрғындардың айтуынша, өткен қыста үш күн тоқ сөніп қалып, бірнеше үйде құбырлар жарылған екен. Генератор істен шыққан. Ал биыл мұнда жылу маусымы басталмай жатып пештің күлін шығаратын конвеер жарамсыз болып қалды. Жұмысшылар күлді далаға қолмен тасып жүр. Қазандықта барлығы 14 пеш болса, қазір тек 4-уі іске қосылған. Бірақ үйлер мен әлеуметтік нысандарға мардымды жылу жетпеген.

Бейімбет Бейсенбеков, Молодежный кентінің әкімі:

– Жылуды қазір 45 градусқа дейін көтердік. Жағып жатырмыз. Түнде өзім барамын, орынбасарларым барады. Кезекшілік қабылданған. Қазір жылуды тағы көтереміз, жылытамыз. Бәрін бір күнде жаппай қоса алмайсың ғой. Өйткені опрессовка жасадық. Одан кейін судың бәрін жылытқанша, бір күнде жылымайды ғой. Ақырын-ақырын жылытып келеміз. Енді, құдай қаласа, 1-2 күнде үйлердің бәріне жылу толық беріледі.

Таяу күндері мұнда жаңа генератор мен күл шығаратын конвеер жеткізілмек. Сол кезде жағдай түзеледі деп сендірді әкім.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев