Президент су тапшылығы мәселесін көтерді

Президент су тапшылығы мәселесін көтерді

Тіршілік нәріне келгенде, Қазақстанның жағдайы мәз емес. Біздегі көптеген өзен бастауын көрші елдерден алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан табаны жиі құрғап жатады. Бұл өзекті проблеманы да бүгін Президент көтерді.

«Қазір шектес елдерден келетін су көлемінің төмендеуі байқалады. Бұл жағдай өзен-көлдердің табиғи су теңгерімінің бұзылуына, сондай-ақ бірқатар өңірдегі экологиялық ахуалдың нашарлауына алып келді».

Осылай деген Мемлекет басшысы халықаралық ұйымдарды осы істе қолдау көрсетуге шақырды. Жаһандық жылыну мен антропогендік әсерге байланысты 2030 жылға қарай әлемдік су тапшылығы 40 процентке жетуі мүмкін. Біріккен ұлттар ұйымының бастамасымен трансшекаралық су ағындарын қорғау және пайдалану мәселелерін реттейтін бірқатар халықаралық келісімдер қабылданды.

«Демек кеңейтілген диалог пен ынтымақтастық жолымен халықаралық міндеттемелерді іс жүзінде орындау жөніндегі күш-жігерді үйлестіру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.