Атыраудағы академиялық қазақ драма театрында шикілік шықты

Атыраудағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында көктемде өтіп кеткен іс-шараларға тек күзде тендер жарияланған. Жыл бойы өткен, өтпегені бар 10 мәдени шара 116 млн теңгеге бағаланыпты.

Ал тендер мемлекеттік сатып алу порталына тек қыркүйек айында енгізілген. Алайда, 54 миллион теңге жұмсалған 7 іс-шара әлдеқашан өтіп кеткен. Театр басшылығының айтуынша, ашық аспан астында өткен Наурыз, Бірлік және Халықаралық театр күні мерекелері ұйымдастырушы мекемемен келісім шарт арқылы, тендерсіз өткізілген. Жауаптылар бұл заң шеңберінде жасалды деп өз уәжін айтты. Бұл іске қатысты қазір қызметтік тексеріс басталған. Тендердің мемлекеттік сатып алу порталына дер кезінде енгізілмеуі – маманның салғырттығы,– дейді жауаптылар.

Берік Жәменов, Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының директоры:

– Ол кісі наурыз айында жұмыстан шығып кетуіне байланысты дер кезінде мемлекеттік сатып алу порталына жарияланбай қалды. Мамыр айында бухгалтерияға анализ жасап қараған кезімде ашықтыққа жарияланбаған екен. Сол кезде арнайы ескерту беріп, бұл неге ашықтыққа өтпегені сұралды. Сол өзінің қызметін көрсетейін деп қыркүйекте жыл басынан бері тұрған шаралардың барлығын ашық порталға халыққа жария қылған.