Елде әдеби агент ұғымы қашан қалыптасады?

Бүгінде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында 380-ге жуық баспа ұйымы тіркелген. Соңғы 5 жылда отандық баспагерлер 30 мыңға жуық кітап пен жинақ шығарған. Бірақ, жазушылардың айтуынша, оқырмандарға туындыны ұсыну қиындап барады. Өйткені кітапты тарату мәселесі қаражатты талап етеді.

Әдеби  агент – бұл баспа мен жазушының арасындағы дәнекер. Қысқа қайырғанда, жазушының өкілі. Автордың құқығын сақтап отырып, кітабын таратып, оның сатылуын қамтамасыз ететін маман. Бірақ елде әлі әдеби агент ұғымы таңсық дегенді алға тартады жас жазушылар.

Анастасия Маскевич 19 жасында «АНАСТАСИЯ»  атты кітабын жазған. Ол саяси қуғын-сүргін кезінде әжесінің басынан өткен оқиғаларын қағаз бетіне түсіреді. Өкінішке қарай, романды тек интернетке жүктеген. Айтуынша, мемлекеттік тапсырыс бойынша жазатын жазушылар ғана қолдауға ие. Сол себепті ол қарымды қаламдастармен араласып, пікірлес іздеп, жазушылар клубын ашқан.

Анастасия Маскевич, қалалық жазушылар клубының жетекшісі:

–  Жас қаламгерлердің кітаптарын оқырмандарға тарату үшін кітап алмасып не болмаса түрлі қайырымдылыққа жібереміз. Автор өзі таратып, кітаптың сұранысқа ие болуы үшін бірқатар жұмыс атқарады. Бізде әдеби агент жоқтың қасы. Баспалар ғана бар. Бірақ оларға қыруар ақша төлеу қажет. Бұл тиімсіз. Мемлекет тарапынан қолдау да аз.

Нұрса Миркалиев «12 сотых секунды» атты романын 500 данамен шығарып, танымал кітап дүкеніне ұсынған. «Алайда жас жазушылардың шығармасы көзіңізге бірден түспейді. Оларды сөренің түкпірінен, елеусіздеу ғана бұрыштан таба аласыз», -дейді ол. Айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің өмірбаяны немесе шоу-бизнестегі жұлдыздардың кітабы әрқашан алдыңғы қатарда тұрады.

Нұрса Миркалиев, жазушы:

–  Мен кітап шығару үшін қажетті қаражатты салдым. Содан соң оны әрі қарай таратып, жарнама және пиар жасау үшін де ақша қажет. Кітап сататын дүкенде кітабым 3 жыл тұрды. Бірақ оқырмандарым шығарманы таба алмай, хат жазатын. Сол кезде ғана кітабым сөренің түкпірінде тұратынын аңғардым. Жалпы кітапты тарату үшін баспаға жүгінуге болатын еді. Бірақ ол жердегі қызмет тым қымбат. Мен 2 фэнтэзи, 2 роман және бір әңгіме жазып бітірдім. Тек бір туындымды басып шығардым. Қалғаны шаң басқан сөреде тұр.

Бірнеше жыл бұрын кітап дүкендерінде қазақстандық жас жазушылардың кітаптарын табу қиынға соғатын. Ал қазір жаңа әдебиеттер сөрелерде самсап тұр. Көпшілікке арналған мотивация, бизнес және психологиялық кітаптар сұраныста. Олардың оқырманға өтімді болуы пиарға да байланысты дейді мамандар.

Гүлмира Капарова, Авторлар және баспалармен жұмыс жөніндегі менеджер:

– Біз мұқабаның сапасына, қағаздың дизайнына қараймыз. Кейде дүкенге ұсынылған кітапта грамматикалық, орфографиялық қателер де болады. Кез келген жас жазушы дүкенге өз туындысын ұсына алады. Бірақ қатаң талап бар. Алдымен шығарманы зерттейміз және біздің оқырманның талғамына сай келе ме, оны да зерделейміз. Қазіргі нарық заманында сапалы кітап шығару ізденісті талап етеді. Яки қолжазбаға редакторлық иллюстрация не болмаса корректорлық түзетулерді жасау үшін тәжірибесі мол баспаға жүгіну қажет. Әрине, бұл қаржыны талап етеді.

Заманына қарай адамы. Қазір елдегі баспалардың дені тек бестселлер болған шетел туындысын аударумен айналысады. Ал есімі елге танылмаған авторлардың туындысы кенже қалып отыр. Жас жазушылар кітап шығару үшін қомақты қаражат керек деп, шаң басқан сөрелеріне ондаған шығармаларын жинап қойған. Ал кейбіреуі интернетке жүктеп, оқырмандармен пікір алмасамыз дейді.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Нұрғали Мамурбаев